Мәжілісте 2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасы мақұлданды

Мәжіліс депутаттары алдағы үш жылға арналған бюджетті мақұлдады, деп хабарлайды 24kz.

Құжат экономиканың қарқынын арттыра отырып, инфляцияны одан әрі төмендететін және қаржы мен тауар нарығын тұрақтандыруды көздейтін базалық сценарийге негізделген. Депутаттар халықты ауызсумен қамту және маңызды инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға бағытталған «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасын жүйелі іске асыру қажеттігін айтып, жобаға түзетулер енгізді.

Биыл жыл басында Қасым-Жомарт Тоқаев 2029 жылға қарай отандық экономика өсімін 450 млрд АҚШ долларына дейін қамтамасыз етуді тапсырғаны есімізде. Осыған байланысты Үкімет жалпы ішкі өнімнің жылдық өсімін 5,5%-тен шамамен 7%-ке дейін арттыруды көздеп отыр.

Ол үшін экономиканы әртараптандырып, шикізатқа тәуелділіктен бірте-бірте арылу қажет. Мәжілістің жалпы отырысына қатысқан Премьер-министр Олжас Бектеновтың депутаттардың сауалдарына осылай жауап берді.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

- Үкіметтің жұмысы Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындауға бағытталған. Біздің барлық іс-әрекетіміз соған байланысты. Бюджет қараған кезде бізге 32 трлн теңгеге өтінімдер түсті. Бірақ қолымызда бар қаражат 15-ақ трлн теңге. Осы қаражаттың шеңберінде біз барлық жұмысты ұйымдастырып жатырмыз. Ал ары қарай экономикамызды дамытып, жоғары өңделген тауарларды өндіруіміз қажет. Сонда ғана бюджеттік кірістер өседі, уәделер орындалады.

Мәди Тәкиев, ҚР Қаржы министрі:

- 2025 жылға түсімдер ағымдағы жылмен салыстырғанда 1,2 трлн теңгеге ұлғая отырып 21,7 трлн теңге деңгейінде болжануда. 2025 жылы бюджет тапшылығы жалпы ішкі өнімге шаққанда 2,7% деңгейінде болжануда, ал 2027 жылға қарай бұл көрсеткіш 1,9%-ке дейін төмендейді. Бюджеттің 2025 жылға арналған шығыстары түсімдер мен тапшылықты ескере отырып, 25,8 трлн теңгені құрайды Заң жобасын талқылау барысында халықты таза сумен қамтамасыз етуге, жылу, электр энергетикасын, көлік, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымына, сондай-ақ «Ауыл – ел бесігі» жобасын іске асыруға қосымша шығыстар көзделген.

«Президенттің экономикалық өсім жөніндегі тапсырмасы міндетті түрде орындалады», - деді Үкімет басшысы. Жоспарланған көрсеткіштерге қол жеткізу үшін экономиканы әртараптандыру, өңделген өнім өндірісін ұйымдастыру, шикізатқа тәуелділіктен арылу бағытында белсенді жұмыс атқарылуда.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

- Базалық сценарий бойынша ЖІӨ-нің жылдық өсімі орта есеппен 5,4% деңгейінде жоспарланған. Мұндай көрсеткішке қол жеткізілген жағдайда еліміздің ішкі жалпы өнімі 2025 жылғы $321 млрд-тан 2029 жылы $498 млрд-қа дейін өседі. Осылайша, Мемлекет басшысының 2029 жылға қарай ЖІӨ көлемін $450 млрд-қа дейін жеткізу міндеті орындалады.

Осы тұста Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов республикалық бюджет жобасы күрделі экономикалық жағдайға қарамастан, мемлекеттің барлық әлеуметтік міндеттемесін орындауға мүмкіндік беретінін баса айтты.

Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

- Біз үш жылдық кезеңге арналған ел бюджетін талқылауды аяқтап, қабылдадық. Бюджетте Мемлекет басшысының Сайлауалды бағдарламасы мен жыл сайынғы Жолдауларында белгіленген бастамаларын іске асыруға баса зер салынды. Бюджеттің жалпы шығыстарының шамамен 40%-і әлеуметтік салаға бағытталған. Мәселен, келесі жылы әлеуметтік төлемдер өсіп, төлем алушылар саны артады.

 

Келер жылы ұлттық қордан алынатын ₸5,3 трлн кепілдендірілген трансферт бөлінуі мүмкін

Сондай-ақ Мәжілістің жалпы отырысында Ұлттық қордан 2025–2027 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы заң жобасы мақұлданып, Сенат қарауына жолданды. Құжат бюджет кодексінің ережелері негізінде әзірленді. Трансферттің 2025 жылға арналған мөлшері 5,3 трлн теңге көлемінде болмақ. Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаровтың сөзіне сүйенсек, құжат республикалық бюджеттің теңгерімділігін қамтамасыз етеді.

Нұрлан Байбазаров, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі:

- Келесі жылдан бастап біздің мұнай өндіру 2030 жылға дейін 97-ден 105 млн тоннаға дейін өседі. Енді оның орташа бағамы 75 деп әзірге болжап отырмыз. Мұнайдың бағасы жоғарылаған сайын Ұлттық қорға түсетін ақша да қомақты болады. Ұлттық қордан алатын трансферттердің санын көбейтіп отырмыз.

Мәжіліс спикері жалпы отырысты қорытындылай келе, депутаттар тарапынан сындарлы ұсыныстар айтылғанын атап өтті. Осылайша, өңірлерге инфрақұрылым, сумен және жылумен жабдықтау мәселелерін шешуге қосымша 55 млрд теңгеден астам қаражат бөлінеді.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Жайлы мектеп» жобасы бойынша 355 млрд теңге көлемінде үнемделген ақша қайта бөлініп, өңірлерді дамытуға жұмсалды.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Ержан Қанапияұлы, Досхан Қораз