Жетісуда қант қызылшасының жартысынан астам бөлігі жиналды

Жетісу облысында 13700 гектарға себілген қант қызылшасының 63 проценті жиналды.

Шаруалар Ақсу және Көксу қант зауытына 352 мың тонна тәтті түбір өткізді. Шикізат қорын жасақтаған кәсіпорындар өнім өңдей бастады. Соған қарамастан зауыттардың алдында қызылша тиелген жүк көліктерінің ұзын-сонар кезегі пайда болды. Осыған байланысты саладағылар баспасөз мәслихатын өткізіп мән-жайды түсіндірді.

Жиын терін науқаны басталғалы Көксу қант зауытына 178 мың тонна тәтті түбір өткізілді. Соның 40 проценті өнделді. Шикізат қорын қайта толтырып,  жүк көліктерінің кезегін жылдамдату үшін кәсіпорындағылар қабылдайтын өнім көлемін көбейтті. 

Алтынбек Абатов, Көксу қант зауытының директоры:

- Біз 4 мың тоннаға көтеріп жатырмыз. Қазір оған территория дайындап жатырмыз. Ертеңге қабылдауға. Кішкене көбейеді ғой. Сондықтан территорияны  дайындап, бурт уладочный машиналарды, техникаларды қабылдайтын техникаларды тазартқыштардың бәрін қазір жөндеп, орынға қойып жатырмыз. 

Ал Ақсу қант зауыты 210 мың тонна тәтті түбір қабылдады. Қазір жиналған өнім өңделіп, қызылша түсіретін алаң  босатылып жатыр. Осыған байланысты Жамбыл облысынан жеткізілетін дақылды қабылдауға уақытша шектеу қойылған.  

Самат Нәдірбаев, Ақсу қант зауытының директоры: 

- Октябрдің 22-сіне дейін біз күніне 6,5-,7,5 мың тонна қабылдап жаттық. 300 машинаға дейін күніне. Ақсу зауытының  сыйымдылығына байланысты қазір 4000-4500 тоннаға дейін қабылдап жатырмыз. Күніне 160-170 машина кіріп жатыр. Ақсу қант зауыты қазір уақытта 25-інен бастап 1 қарашаға дейін өзіміздің регионды қабылдап жатыр. 

Жетісу облысында қызылша қазу жұмыстары қарқынды түрде жүргізіліп жатыр. Саладағылар қарашаның 20-сына дейін науқанды аяқтаймыз, деп отыр. Жалпы өңірдегі егіс алқаптарынан 615 мың тонна өнім жинап,  Жамбыл облысынан жеткізілген тәтті түбірді де қабылдау көзделген. Өңірдегі қос зауытта биыл 700 мың тоннадан аса қант қызылшасын өңдеу жоспарланып отыр.

Шыңғыс Қалиден, Айгүл Ғазизулина