Polpharma Қазақстанға құятын инвестициясы көлемін $130 млн-ға дейін арттырады

Polpharma фармацевтикалық компаниясы Қазақстан экономикасына құятын инвестициясы көлемін 130 миллион долларға дейін арттырады, деп хабарлайды 24KZ. Польшалық инвестор ел нарығына 2011 жылы кірген. Осы уақыттан бері Шымкентте дәрі-дәрмек шығаратын зауыт салып, оны үнемі жаңғыртып келеді. Қазір сапаны бақылауға арналған зертханасы бар заманауи ғылыми орталық салып жатыр.

Осы арқылы дәрі-дәрмек импортына тәуелділікті азайтуға болады. Бұл туралы шетелдік инвесторлар кеңесіне қатысқан компания өкілдері мәлімдеді. Олардың айтуынша, елдегі бизнес-климат қолайлы, әсіресе фармацевтика бағытының әлеуеті жоғары.

Ежи Старак, Polpharma компаниясы бақылау кеңесінің төрағасы:

- Әлемдегі елдердің барлығы инвесторларды қолдау үшін барын салып жатыр. Бұл бағытта Қазақстан да белсенді. Біз жергілікті нарыққа кіргенімізге көп болды, мұнда фармацевтика секторын дамыту үшін жақсы әлеует бар екенін атап өткен жөн. Енді бұл әлеуетті жүзеге асыру үшін қолайлы жағдай жасау қажет. Демек инвесторларды ынталандыру маңызды. Бұл үшін арнайы жұмыс тобын құруды ұсынамыз.

Қалталы кәсіпкерлердің Қазақстан нарығына кіруге қызығушылығы жоғары. Мұны шетелдік инвесторлар кеңесі қауымдастығының басқарма төрағасы мәлімдеді. Ерлан Досымбеков кейінгі жылдары көп жұмыс атқарылғанын атап өтіп, мұнымен тоқтап қалуға болмайтынын жеткізді. Жаһаннның ірі компаниялары заң үстемдігі туралы жиі айтатын көрінеді. Жаңа Салық кодексіне де қарап отырған инвесторлар жетерлік. Енді мемлекет осының бәрін ескере отырып, баршаға бірдей тиімді тетіктерді қарастырғаны жөн.

Ерлан Досымбеков, «Қазақстанның шетелдік инвесторлар кеңесі» қауымдастығының басқарма төрағасы:

- Бізде бірлескен жұмыс топтары бар. Әрқайсысы инвестициялық тартымдылықты одан әрі жақсарту үшін еңбек етіп жатыр. Бұл бағытта көптеген мәселені қамтитын өз жоспарлары да бар. Инвесторлардың да ұсынымдары ескеріледі. Кеңес құрамында Қазақстанмен етене жұмыс істеп жүрген ең ірі компаниялар бар. Оның санын көбейтуді жоспарда жоқ. 40-қа жуық инвестор жеткілікті, тек олардың әлеуетін барынша пайдалану қажет.