Жамбыл облысында ірі цемент зауытының өндірістік желісі іске қосылды

Жамбыл облысында ірі цемент зауытының технологиялық желісі іске қосылды. Бірінші кезеңде онда цемент өндірісінің негізгі компоненті болып табылатын клинкер шығарылады. Кәсіпорын келесі жылдың басында толық өндірістік қуатына шықпақ. Жаңа цемент зауыты ішкі нарықтың отандық өнімге деген қажеттілігін өтеп, цемент саласының бәсекеге қабілеттілігін арттырады және экспортқа мол өнім шығаруға мүмкіндік береді.

Жамбыл облысы Қордай ауданында 50 гектар аумақты алып жатқан цемент өндіретін ірі кәсіпорынның клинкер өндіру желісі өз жұмысын бастады. Бұл – Орталық Азиядағы ең заманауи және қалдықсыз жұмыс істейтін бірегей жобалардың бірі. Өндіріс ошағын іске қосу рәсіміне зауытының басшылық құрамы мен қызметкерлері, компания өкілдері және Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев қатысты.

Ербол Қарашөкеев, Жамбыл облысының әкімі:

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Жамбыл облысында бірнеше ірі инвестициялық жобалар іске асып жатыр. Осының бір көрінісі – бүгінгі мынау клинкер шикізатының өндіріс желісін іске қосу рәсімінде бәріміз куә болып отырмыз. Бұл зауыт өзінің пайдаланған технологияларымен Орталық Азияда ең заманауи болып саналады.

Жаңа желінің қуаттылығы тәулігіне 3,5 мың тонна клинкер өндіреді. Бірлескен қазақстандық-сингапурлық өндірістің толық циклін келесі жылдың басында іске қосу жоспарланып отыр.

Станислав Щербаков, «Korcem» ЖШС бас директорының орынбасары:

- 50 миллиард теңге инвестицияланды. Болашақта зауытта орташа жалақысы 330 мың теңге болатын 560 жаңа жұмыс орны ашылады. Цемент зауыты 30% шегінде Жамбыл облысын қамтамасыз етеді.

Бенджамин Ченг, «International Cement Group» ЖШС басқарушы директоры:

- Өңірде жұмыс істеу үшін облыс басшылығынан қолдау алдық. Біздің ірі жобаны жүзеге асыру үшін инвесторларға барлық жағдай жасалды. Жаңа зауыт өңірдің дамуына оң әсерін тигізеді.

Сонымен қатар, Жамбыл облысының инвестициялық қоржыны 4 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құруға бағытталған 80 жобамен толықты. Оның ішінде 35 жобаны биыл іске асыру жоспарланған.

Авторлары: Серік-Ибраһим Жамалұлы, Анастасия Сулейманова, Тимур Сейлхан, Эльдар Байдилда.