2025 жылы Шымкенттен Инчхон мен Пусанға әуе рейстері ашылады
Әуе рейстерінің санын арттыру, жолдар салу және Транскаспий дәлізін пайдалану. Қазақстан мен Оңтүстік Кореяның көлік министрлері арасындағы келіссөзде осындай тақырыптар талқыланды. Ресми сапармен Сеулге барған Марат Қарабаев қалалық әуе көлігіне арналған халықаралық конференцияға қатысты.
Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы әуе рейстерінің саны тек бір жылда екі есеге артып, аптасына 14 рейске жетті. Әуе қатынасы Инчхон мен Алматы және Астана арасында орнатылды. Келесі жылы екі ел арасындағы рейстер саны аптасына 20-дан асады. Бұл туралы көлік министрі Марат Қарабаев мәлімдеді.
Марат Қарабаев, ҚР Көлік министрі:
- Ең бастысы – тек Астана мен Алматыдан емес, Шымкент қаласынан да әуе қатынастарды ұйымдастыру мәселесі. Ол – бірінші мәселе. Осыған байланысты арнайы үкіметаралық келісімшарт дайындауға уағдаластық. Біз енді 40-қа дейін ресми түрде жеткізуге мүмкіндік беруге екіжақты келістік. Ал енді қазір жаңа рейстер қосу есебінен 20-дан асуды жоспарлап отырмыз.
Конференцияда Марат Қарабаев Алматы мен жаңадан құрылған Алатау қаласы арасында жолаушылар және жүк дрондарын жіберу мәселесі қарастырылып жатқанын айтты. Оңтүстік Кореяның көлік министрімен кездесуде ол Еуропадан Оңтүстік Кореяға жүк транзитін Транскаспий дәлізі арқылы жүргізу мәселесін талқылады. Оңтүстік кореялық компаниялардың бірі осындай тасымалдау ісімен айналысып келеді. Министр кореялық әріптесіне Каспий маңы өңірінде терминал және басқа да инфрақұрылым салу мәселесін қарауды ұсынды.
Марат Қарабаев, ҚР Көлік министрі:
- Еуропа мен Азияның арасында ең қысқа жол деп отырмыз. Еуропаға дейін жүкті тасымалдау жалпы 20-21 күн уақыт алып отыр. Сондықтан оның әлеуеті өте-өте мол. Жалпы Транскаспийлік дәлізге тек қана Оңтүстік Кореяның, Қытайдың емес, жалпы Еуропаның компаниялары өте үлкен қызығушылық білдіріп отыр. Әрине, мысалы, қазір қарасаңыз, 2021 жылда небәрі осы Каспий көлік дәлізі арқылы 800 мың тонна тасымалданған болса, биыл сол 3 жылдың ішінде оның көлемі 4 есе артып отыр. Биыл 4 миллион 200 мың тонна жүк тасымалдау жоспарлап отыр.
Сонымен қатар Қарабаев жол жобаларына Оңтүстік Корея компанияларын қатысуға шақырды. Айтуынша, кореялық компаниялар Алматының үлкен айналма жолын салу кезінде жақсы нәтижелер көрсетті. Келіссөздер барысында келесі жылы Оңтүстік Кореяның жер, инфрақұрылым және көлік министрі Пак Сан У Қазақстанға келетін болып шешілді. Онымен бірге транзиттік-көліктік және құрылыс компанияларының басшылары да келеді деп жоспарланған.
Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян.