Автокөлік мультимедиясы қазақ тілінде шығарылады
Әлемдік стандартпен салынған зауыттың өндіріс бөлімінде 10 оператор жұмыс істейді. Олар күніне 100 мультимедиялық құрылғы шығарады. Отандық тауар өндірушілерді қолдау мақсатында Үкімет кешенді шаралар қабылдаған. Президент тапсырмасына сәйкес автомобиль өнеркәсібінде кластерлік өндірісті дамытуға ден қойып отыр.
Мұнда әр 12 минут сайын Tucson, Elantra және Palisade көліктерінің бір мультимедиясы құрастырылады. Әрмен қарай арнайы тақтаға қойылып, қазақ тіліндегі бағдарлама орнатылады және оның жұмыс істеуі тексеріледі. Дайын мультимедиялар келесі зауыттағы көліктерге орнатылады.
Толықтай кореялық технологиямен жабдықталған зауыт конвейерлік жүйемен жұмыс істейді. Тұрақты жұмыс орнынан бөлек, бұл зауыт-қазақ жастарына жаңа технологияларды үйреніп, инженерлер шоғырын қалыптастыруға септігін тигізеді. Мұндағы операторлардың жұмысын өндіріс менеджері Дастан Тасболатов қадағалап отырады. «Мультимедия бөлшектерін құрастыруда шеберлік маңызды», – дейді менеджер.
Дастан Тасболатов, зауыттың өндіріс менеджері:
- Әрине, өте көп пайдасын алып келеді деп ойлаймын. Өйткені бұл технология, бұл жерде Кореядан келген технологиялар, соны білуге және меңгеруге өте жақсы пайда алып келе жатыр. Сосын осы жерге жұмыс істеуге арналған мамандарды дайындауда да, мысалы, университеттердегі мамандарға көп сұраныс болады.
Жобаны жүзеге асыру үшін 2 миллион доллар инвестиция тартылған. Өндіріс көлемі артқан кезде 30 адам жұмыс істейді. Бірінші кезеңде мультимедия құрастырылады. Екінші кезеңде алюминий қораптар құйылып, үшінші кезеңде платалары да жасалады. Осылайша, үлкен бір өнеркәсіп нысанының маңайына аралас өндірістер шоғырланады.
Асқар Ибрашев, өндірістік технопаркінің директоры:
- Бұл кәсіпорын Алматы қаласы үшін және жалпы елімідің экономикасы үшін өте маңызды. Осы зауыттың арқасында отандық үлестің көлемі ұлғайып отыр. Мультимедия зауыты Мотрекс стандарты бойынша құрылған. Жоба Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің және Алматы әкімдігінің қолдауымен іске қосылды.
Президент өз жолдауында өндірістегі қазақстандық үлесті арттыруды тапсырған болатын. Себебі қосымша құны жоғары өнім өндіру ел экономикасын еселей түседі. Шағын тораптық құрастыру зауыты – осы мақсатқа жету үшін жасалған қадам. Жаңа зауыт Алматының Индустриалдық аймағында орналасқан. Кәсіпорын автобөлшектер жасайтын ірі технопарктің бір бөлігіне айналады. Болашақта Индустриалдық аймақта автомобиль орындықтарын, пластик және өзге де қосалқы бөлшектерін шығаратын зауыттарды іске қосу жоспарланып отыр.
Авторлары: Аршын Кемелжан, Валентин Лобанов.