Түркістан-Қытай: құны ₸301 млрд болатын меморандумға қол қойылды
Былтыр Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымы 31 миллиард долларға жетті. Осы көрсеткіштегі Түркістан облысының үлесі 150 миллион долларға тең. Бұл туралы Түркістанда өтіп жатқан халықаралық инвестициялық форумда айтылды. Жалпы қытайлық инвесторларды Қазақстанда не қызықтырады?
Халықаралық форумға Қытай Халық Республикасынан 120 компания, ал Қазақстаннан 100-ден астам ірі компания қатысты. Қонақтар назарына отандық тауар өндірушілердің өнімдері қойылған көрме ұсынылды. Одан кейін облыс әкімі Дархан Сатыбалды өңірдің инвестициялық әлеуеті туралы баяндап, екі ел арасындағы қарым-қатынас қарқынды дамып келе жатқанын айтты.
Дархан Сатыбалды, облыс әкімі:
- Қазіргі таңда өңірімізде 35 қытайлық компания жұмыс істеп жатыр. Түркістан облысы құрылғаннан бастап, Қытай капиталының қатысуымен жалпы құны 110 млн АҚШ долларын құрайтын 4 инвестициялық жоба іске қосылды. Сонымен қатар еліміз ЕЭО мүше болғандықтан, осы елдердің 185 млн халқы бар нарыққа тауарлар кедендік төлемдерден босатылған.
Жиын барысында 300 млрд теңгеден асатын 35 ынтымақтастық меморандумға қол қойылды. Бұл келісім аясында өңірде жаңа жобалар жүзеге асырылмақ.
Хуан Лися, Хубэй провинциясы кәсіпорындарының халықаралық ынтымақтастық қауымдастығының атқарушы төрағасы:
- Оның ішінде алюминий бұйымдарын шығару, бейнекамералар мен кабельдер өндірісі, мақта өңдеу зауыты, күн электр стансысы, кеңсе орындықтарын шығару кәсіпорны, қонақүй кешені мен аквапарк құрылысы және текстиль кластерін құру жобалары бар. Бұның бәрі жүзеге асқанда 5 мыңға жуық жұмыс орны ашылады.
Қытайлық инвесторларды өңірдегі туризм, тамақ өнеркәсібі мен табиғи өнімдер қызықтырады. Осыған байланысты Түркістан әуежайы маңынан үлкен логистикалық орталық құру жоспарланған.
Жалпы облыста 2027 жылға дейін жүзеге асатын 145 инвест жобаның пулы қалыптасқан. Ал келер жылы «Қытайдың Қазақстандағы туризмі жылы» атап өтіледі.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Қуаныш Әбуов.