Қазақстанда тоғыз айда 82 мыңнан астам жеңіл көлік шығарылды
Елде сатылған 10 көліктің 9-ы Қазақстанда жиналған. Қыркүйекке дейін ішкі нарықта 137 106 жаңа жеңіл және коммерциялық көлік сатылды, деп хабарлайды 24kz.
Алайда, сәуірден бергі көрсеткіш оңала қойған жоқ. Өндіріс те баяулады.
Үкімет 2029 жылға қарай еліміздегі машина өндірісін 2 есе арттырмақ. Бұл үшін саланың өңдеу өнеркәсібіндегі үлесін арттыру керек. Қазір ол 20% шамасында. 9 айда елде 82 мыңнан астам жеңіл көлік шығарылды. Бұл былтырғы сәйкес кезеңнен 17%-ке аз. Сатылым да төмендеген. Өткен айда 18 мыңға жуық жаңа көлік сатылды. Сәуірден бері нарықта өсім болмаған. Автөкөлік одағындағылар көрсеткішке логистикалық кедергілер себеп болғанын айтады. Қытайдан келетін импорттық көліктер мен өндіріске қажет жабдықтар уақытында жеткізілмеді. Одақ жетекшісі Анар Мақашева мәселенің жыл соңына дейін шешілетініне сенімді.
Авто жабдықтарды елде шығару көзделеді
Автомобиль одағының президенті Анар Мақашева: «Импортқа тәуелділікті азайту үшін авто жабдықтарды елімізде өндіру қажет», - дейді. Бұл бағытта он шақты жоба қолға алынған. Осылайша, өндірісті үздіксіз жүргізіп қоймай, нарыққа шығарылатын өнімнің өзіндік құнын қолжетімді етуге болады. Анар Мақашева көлікті құрастырушы мен жабдықтарды өндіруші арасындағы байланысты нықтаудың маңызына тоқталды. Кластерлік әдіс өндіріс көлемінің артуына ықпал етеді. Әрі инвестиция тартуға жол ашады. Сондай-ақ жаңа жұмыс орындарын құруға сеп. Қазір Қостанай мен Алматы өндірушілері осы бағытта жұмыс істеп жатыр. Автомобиль одағының Президенті салаға қосымша жұмыс орындарының ауадай қажет екенін алға тартты. Келесі жылдың өзінде 5 мың маманға тапшылық туындайды.
Анар Мақашева, қазақстан автокөлік одағының президенті:
- Біздің салада инженерлер мен жұмысшы мамандар тапшы. 2025 жылдың мамырына дейін тек бір ғана кәсіпорынға 2,5 мыңға жуық жұмысшы қажет. Бұл тек бір ғана ауысымды жабады. Бүгінде барлық өндірушілер ЖОО-ы мен колледждермен тығыз байланыс орнатқан. Дегенмен, жұмысшы мамандықтар жастарды аса қызықтырмай отыр. Сондықтан Мемлекет басшысының жұмысшы мамандықтардың имиджін көтеру бастамасын толығымен қолдаймыз. Өз тарапымыздан арнайы гранттар мен әлеуметтік жағдай жасауға әзірміз.
Қазақстандық көліктің үлесі басым
Елде сатылған жаңа көліктің дені отандық өнім. Қазақстанда жиналған темір тұлпар құны шетелдік көлікпен салыстырғанда 30%-ке арзан. Шамамен 13,6 млн теңге. Ал елге жеткізілген жаңа көліктер 19 млн теңгеге сатылған. Бұл былтырғы сәйкес кезеңнен 12%-ке төмен. Десе де, нарықтағы орташа баға 11%-ке өскен. Өйткені кейбір тұтынушылар жаңа технологиямен қамтылған, замануаи қозғалтқышы бар қымбат көліктерді таңдайды. Жалпы көлік құнына валюта бағамы мен логистикалық ахуал әсер етеді.