О.Бектенов Alstom және Wabtec компанияларының басшыларымен кездесті
Премьер-министр Олжас Бектенов теміржол машинасын жасау саласының әлемдік көшбасшыларымен кездесіп, бірқатар инвестициялық жобаларды талқылады, деп хабарлайды 24kz.
Alstom француз компаниясы Қазақстанда 10 жылға жуық жұмыс істеп келеді. Осы аралықта ел экономикасына 125 млн еуро инвестиция құйған. 1 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Компанияның Астанада 7 өндірістік базасы да ашылған. Онда жолаушылар және жүк электровоздары шығарылады. Бүгінгі таңда өндіріс көлемі бойынша кәсіпорын Қазақстанда теміржол машинасын жасау секторында шамамен 30%-ті алады. Кездесу барысында Alstom басшысы Эндрю Делеони Үкімет басшысына электровозға техникалық қызмет көрсететін төрт орталықтың құрылысын басталғандығын жеткізді. Онда 450-ден астам жаңа жұмыс орындарын ашу көзделген.
Эндрю Делеони, Alstom компаниясының Африка, Таяу Шығыс және Орталық Азия өңірлері бойынша президенті
- Былтыр біз Қазақстан Үкіметемін жаңа инвестициялық жобаны жүзеге асыруға келіскен болатынбыз. Жобаның жалпы құны – 50 млн еуро. Қазір соның 20 млн-ын инвестициялап үлгердік. Енді электровозға техникалық қызмет көрсететін төрт орталықтың құрылысын бастаймыз. Алғашқы сервистік орталық 2025 жылы Шу қаласында ашылады.
Сондай-ақ бүгін Премьер-министрі Wabtec америкалық компаниясының президенті Рафаэль Сантанамен де кездесті. Екіжақты әңгіме барысында теміржол саласына «жасыл» технологияларды енгізу мәселелері қаралды. Компанияның Қазақстанда локомотивтер шығаратын зауыты да бар. Бұл кәсіпорын ішкі нарықтың қажеттіліктерін қамтамасыз етіп қана қоймай, ТМД елдеріне де экспорттайды. Биыл маусым айында Астанада жаңа инженерлік орталығы ашылды. Онда «жасыл» локомотивтер өндіру жұмысы жүргізіліп жатыр. Жалпы компания 2027 жылдан бастап келесі 10 жыл ішінде баламалы отын түрлерін қолдана отырып, жаңа өнімдерді дамытуға шамамен 200 млн доллар инвестиция салуға ниетті. Кездесу соңында Олжас Бектенов өндірісті локализациялауға бағытталған бизнес бастамаларын жоғары бағалайтынын және осындай компанияларға қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.
Рафаэль Сантана Wabtec компаниясының президенті және бас атқарушы директоры:
- Біз Қазақстанға өтеусіз негізде теміржолдағы жұмыстың тиімділігін жақсартуға қабілетті жаңа цифрлық қондырғыны әзірлеп бердік. Болашақта Қазақстан үшін ғана емес, Орталық Азия мен Африка елдеріне де локомотив шығарамыз деген жоспардамыз.