Ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу бағытында инвестициялық жоба талқыланды

Елімізде ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу бойынша қытайлық компаниямен келісім жасалады, деп хабарлайды 24kz.

Премьер-Министр Fufeng Group басшысы Ли Сюэчунмен кездесуде жаңа жобаны талқылады. Инвестор Қазақстанда крахмалды қант өндіру және аминқышқылдарын ашыту зауыттарын, сондай-ақ көмір жылу электр стансасы мен ағынды суларды тазарту стансасын қамтитын жүгеріні терең өңдеуге арналған өнеркәсіптік парк құруды ұсынып отыр. Инвестиция көлемі шамамен 300-350 млн доллар шамасында. Оның аясында мың жұмыс орнын ашу жоспарланған. «Жоба агроөнеркәсіптік секторда қосымша құн құрудың және озық технологиялар енгізудің жарқын үлгісі болмақ. Үкімет тарапынан қажетті қолдау көрсетіледі», - деді Олжас Бектенов. Премьер-министр Ауыл шаруашылығы, Өнеркәсіп және құрылыс министрліктеріне шетелдік компаниямен инвестициялық келісімді жедел түрде дайындауды тапсырды.

Ли Сюэчунь, Fufeng Group басқарма төрағасы:

- Жүгеріні терең өңдеу зауыты және көмір химиясының бағыты. Екі жобаны да бірнеше кезеңмен жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Бірінші кезеңде 1 млн тонна жүгеріні және 700 мың тонна көмір-химия өнімін өндіреміз. Бұл тек бірінші кезеңдегі жоспарымыз. Әрі қарай екі бағыт бойынша өндіріс көлемін арттырамыз.