Абай облысының халқы 500 млн теңге қайтарымсыз грант алды
Биыл Абай облысының 200-ден астам тұрғыны қайтарымсыз грантқа ие болып, кәсіп ашты.
Мемлекеттік қолдау аясында әр адамға берілген максималды сома бір жарым миллион теңге болды. Келер жылы бизнес ашуға ниетті кісілер үшін төмен пайызбен несие тағайындалады.
Торғын Ысқақова мемлекеттен 1,5 млн көлемінде грант алып, үйінің жанынан шағын цех ашты. Арнайы құрал-жабдықтар сатып алды. Көпбалалы ананың мамандығы кондитер. Жастайынан тәтті пісіруге әуес болған ол сүйікті ісін табыс көзіне айналдырып отыр.
Торғын Ысқақова, кәсіпкер:
- Бастау бизнес жобасымен өзімнің ісімді жүргізіп көрейін деген ой келді. Ол енді жақсы мүмкіндік қой мемлекеттен беріліп жатқан. Содан бастап бизнес-план жоспар құрдым. Бір апта бойы оқып, сертификатымды алдым. Сосын жобамды қорғап шықтым. Сосын бір аптадан кейін маған хабар келді.
Күніне бірнеше келі бәліш, 100-ге жуық самса пісіреді. Түрлі тәтті тоқаш әзірлейді. Жасаған өнімдері ауыл тұрғындарынан артылмайды. Кондитердің еңбегін ауылдастары жоғары бағалайды.
Данара Сарқытқажықызы, Жантікей ауылының тұрғыны:
- Жақсы ондай үкіметтің осылай көмектесіп жатқаны, әсіресе жастарға. Құр қол бос отырғанша еңбек еткен жақсы ғой. Өнімдері өте дәмді. Күніне самса әкеліп тұрады. Оның бәрі қолма қол өтіп кетеді. Пирогтары торттары бар, халық заказ беріп кетеді.
Биыл облыс тұрғындары жарты миллиард теңгенің қайтарымсыз грантына қол жеткізді. Қаржы алғандардың кәсібін арнайы мониторингілеу тобы бақылап отырады. Грант мақсатсыз игерілген жағдайда сот арқылы бюджетке қайтарылады.
Думанғазы Арғынғазин, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары:
- 14 адам грантын қайтаруға мәжбүр болды. Өйткені мақсатсыз ұстап қойған. Бірақ көбі әл ауқатынша өздерінше мал алғандар бар, кішігірім сән салонын ашқандар бар қалада. Тамақ өнеркәсібін ашқандар бар. Олардың бәрі еңбектеніп жұмыстарын істеп жатыр, бастап кетті.
Келер жылы өңірде 35 жасқа дейінгі тұрғындарға төмен пайызбен 5 млн теңге несие беріледі. Бұған қазынадан 1 миллиардтан астам теңге қарастырылған. Жоспар бойынша мемлекеттік қолдауға шамамен 200-ден астам тұрғын ие болады.
Рүстем Қайратұлы, Медет Өмірханов