«Ауыл аманаты»: Маңғыстау облысында 165 жоба қаржыландырылды

Маңғыстаулық мұнайшылар азық-түлікті жергілікті фермерлерден сатып алатын болды, деп хабарлайды 24KZ. Бұл – «Ауыл аманаты» жобасы арқылы жүзеге асып отырған бастама. Осылайша, ауыл халқының табысы артып қана қоймай, ірі кәсіпорындарға да тиімді жағдай жасалмақ. Облыс әкімдігі бірнеше мұнай компанияларымен жергілікті өндірушілерді қолдау бойынша меморандумға қол қойды. Аймаққа жасаған жұмыс сапары барысында Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова Бейнеу ауданына барып, бағдарламаның жүзеге асырылу процесімен танысты.

Маңғыстау облысыныің әкідігі мұнай компанияларымен меморандумға қол қойды

Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер үшін тұрақты сатып алушы табу – үлкен мәселе. Ал ірі кәсіпорындарға қызметкерлерін сапалы азық-түлікпен қамту маңызды. Қос тараптың мүддесінен шығу үшін «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында бірнеше келісім жасалды.

Тамара Дүйсенова, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:

- «Қаражамбасмұнайгаз», «Маңғыстаумұнайгаз», «ҚазМұнайГазбен» қазір облыс әкімі меморандумға отырды. Ол жерде 37 мыңнан аса жұмыскерлер бар. Солардың бірреттік тамағына алынатын азық-түлік тауарларын да осы Маңғыстау өңіріндегі ауыл шаруашылығы өндірушілерінен сатып алу мәселесін қарастырдық. Бұл өте жақсы механизмдердің бірі деп ойлаймын.

Маңғыстаулық фермерлердің тұрақты тұтынушылары пайда болады. Ал мұнайшылар сапалы азық-түлікпен қамтылады. Келісімге үш ірі мұнай компаниясының өкілдері қол қойды.

 

Блиц: мұнай компаниясының өкілдері дайын екенін айтады

Вице-премьердің пікірінше, аймақтардың басшылығы ауыл тұрғындарына кәсібін дөңгелетіп әкетуге өз бетінше көмектесе алады. Мәселен, Маңғыстауда жыл сайын балаларды тамақтандыруға 8 млрд теңгеден астам қаражат бөлінеді. Осы азық-түлкті мемлекеттік бағдарлама аясында несие алған кәсіпкерлерден алу керек.

 

«Ауыл аманаты»: Маңғыстау облысында 165 жоба қаржыландырылды 

Жұмыс сапары барысында Тамара Дүйсенова облыстың ең қиырындағы Бейнеу ауданына барды. Премьер-министрдің орынбасарына бағдарлама аясында сәтті жүзеге асқан жобалар таныстырылды. Жеңілдетілген несие арқылы мұнда тігін шеберханалары, наубайханалар мен мал бордақылау орындары ашылған. Жалпы өңірде 1 млрд 200 млн теңгеге 165 жоба қаржыландырылған.

Мұратбай Ығылманов, шаруа:

- Өткен жылғы желтоқсан айынан бастап пайдаланып жатырмыз. Малымызды алған кезде біз Орал облысы, Ақжайық ауданына барып алып келдік. Әкелген кезде барлық бас саны 65 бас болды. Соны қысымен жемдеп, күйін жақсы көтеріп, халыққа ұсына бастадық. Қазір, Аллаға шүкір, әйтеуір өтіп жатыр малымыз.

Вице-премьер ауыл шаруашылығы өнімдері көрмесіне барып тұрғындармен кездесті. Олардың арасында бағдарламаның игілігін көргендер мен қатысуға ниеттілер де болды. Ал әкімдікте өткен кеңесте азаматтардың табысын көтеруге бағытталған шаралар талқыланды. Тамара Дүйсенова өзге өңірлерде іске асып жатқан үздік жобаларды іріктеп, Маңғыстау облысында да қолға алуды тапсырды.

Авторлары: Серік Селеубайұлы, Тамара Степанова.