Мұрат Нұртілеу Кореяның iрі бизнес басшыларымен кездесті

Премьер-министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Сеулге ресми сапармен барды, деп хабарлайды 24KZ. Ертең ол Оңтүстік Корея – Орталық Азия ынтымақтастық форумының 17-ші отырысына қатысады. Бүгін Сыртқы істер министрі елімізде инвестициялық жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап жүрген үш ірі оңтүстіккореялық компания өкілдерімен кездесті.

Мұрат Нұртілеу мен Кореяның iрі бизнес басшылары арасындағы кездесу аясында Алматы облысы Байсерке ауылында 200 орындық көпсалалы аурухана салу туралы келісімге қол қойылды. Корей клиникасының президенті Ким Бу Соптың айтуынша, аурухана құрылысы Қазақстанда келер жылдың шілде айында басталып, 2027 жылдың маусым айында аяқталады.

Ким Бу Соп, Хёндэ ауруханасының президенті:

- Бұл ауруханаға Оңтүстік Кореяда қолданылатын барлық заманауи медициналық құралдар орнатылады. Сондай-ақ біз дайындық кезеңінде шамамен 200 қазақстандық дәрігер мен медбикені оқыту үшін Кореяға шақыртуды жоспарлап отырмыз. Кейін олар Қазақстанда қызметін жалғастырады. Сонымен қатар Оңтүстік Корея дәрігерлері Алматы облысына келіп, бірлескен кеңестер өткізіп, жергілікті медициналық қызметкерлерді оқытады.

Тағы бір корей компаниясының өкілдері Мұрат Нұртілеуге Қызылордада тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу зауытының құрылысы туралы айтты. Қондырғы жылына шамамен 400 мың тонна қоқысты өңдейді. Жобаны жүзеге асыратын компания директорының айтуынша, нысан келесі жылы салынып, жүзден астам жергілікті тұрғынды жұмыспен қамтамасыз етеді.

Хван Сон Шин, тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу компаниясының директоры:

- Біздің компания шамамен екі жыл бойы Қазақстандағы экологияны жақсарту жобаларына үлкен қызығушылық танытып келеді. Қызылорда қаласы біз үшін ерекше мәнге ие, өйткені онда Хон Бом До ескерткіші орналасқан, сондықтан біз бұл аймақты бірінші кезекте таңдадық. Біздің компанияның қалдықтарды өңдеу саласында қажетті технологиялар мен мамандары бар. Сондай-ақ біз Қазақстан әуежайларында қалдықтарды өңдеу мәселелеріне қызығушылық танытып отырмыз және осы салада жұмыс істей алсақ, айтарлықтай үлес қоса алатынымызға сенімдіміз.

Қазақстанның Сыртқы істер министрі корей брендтерінің автокөліктеріне арналған қосалқы бөлшектер өндірісі бойынша жоспарлармен де танысты. Мұрат Нұртілеу Қазақстан мен Оңтүстік Кореяның үш бірлескен жобасына қолдау көрсететінін жеткізді.

Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян.