О.Бектенов Шанхайда Қытайдың жетекші компания өкілдерімен кездесті

Қазақстан мен Қытай арасындағы алыс-берісті былтырғы $41 млрд деңгейіндегі тарихи рекордтан екі есеге арттыру. Қос елдің үкіметі бұған осындай уағдаластыққа келген еді, деп хабарлайды 24kz.

Қытай Халық Республикасына жұмыс сапарымен барған Олжас Бектенов осы уағдаластықтарды жүзеге асыру жолын талқылады. Премьер-министр Қазақстан-Қытай инвестициялық дөңгелек үстеліне қатысты. Оған металлургия, энергетика, машина жасау, фармацевтика және басқа да салалар бойынша Қытайдың көшбасшы компаниялары қатысты. Нәтижесінде жалпы сомасы $2,5 млрд болатын 8 коммерциялық келісімге қол қойылды. Сондай-ақ Олжас Бектенов Чжанцзян ғылыми қаласының «Роботтар алқабында» болып, қытайлық робототехника индустриясының соңғы жетістіктерімен танысты. Мұнда күнделікті тұрмыста қолданылатын құлтемірдің сан түрі ұсынылған. Сонымен қатар қазақстандық тарапқа ақылды әрі қауіпсіз қала жобаларының жаңа шешімдері мен жабдықтары таныстырылды. Олжас Бектенов «Роботтар алқабының» тәжірибесін жіті зерттеп, елімізде енгізу мақсатында қытай тарапымен осы бағыттағы әріптестікті жолға қоюды тапсырды.