Қазақстан мен Қытай 2,5 млрд долларға келісім жасасты
Қазақстан мен Қытай арасында құны 2,5 миллиард АҚШ доллары болатын келісім жасалды.
Маңызды құжаттарға, Премьер-министр Олжас Бектеновтің Қытайға жұмыс сапары кезінде қол қойылып нақтыланды. Бұл сапар бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қытай Төрағасы Си Цзиньпин қол жеткізген келісімдерді іске асырып, екі ел арасындағы сауда айналымын арттыруға бағытталған.
Сапар кезінде Олжас Бектенов ҚХР Мемлекеттік кеңесінің Премьері Ли Цянмен кездесті. Олар сауда-саттық, инвестиция, көлік және логистика, ауыл шаруашылығы салаларындағы ынтымақтастықты нығайту мен мәдени-гуманитарлық байланыстарды кеңейту шараларын талқылады. Тараптар көлік-логистика саласындағы ынтымақтастықты нығайту мәселелеріне ерекше тоқталды. Бүгінгі таңда Қытайдан Еуропаға жерүсті тасымалының 80%-дан астамы Қазақстан арқылы жүзеге асырылады. Биылғы 9 ай ішінде орташа дәліз бойынша тасымалдау көлемі өткен жылдың көрсеткіштерінен 23%-ға асып, 3,4 млн тоннаны құрады. 2030 жылға қарай жүк тасымалдау көлемін жылына 10 млн тоннаға дейін арттыру жоспарланып отыр.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- «Президент Қасым-Жомарт Тоқаев біздің ірі сауда әріптесіміз Қытаймен ынтымақтастықты дамытуға ерекше көңіл бөледі. ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстанға мемлекеттік сапары "алтын 30 жылдықтың" кезекті кезеңіне Қазақстан-Қытай ынтымақтастығына қосымша серпін берді. Қытай Қазақстанның ең ірі сауда серіктесі. Өткен жылы тауар айналымы 32 пайызға өсті. Жоғары деңгейде қойылған тапсырмаға сәйкес біз алдағы уақытта өзара сауданы екі есеге арттыруды жоспарлап отырмыз.
Өз кезегінде ҚХР Мемлекеттік кеңесінің Премьері Ли Цян Қытайдың қазақ-қытай стратегиялық әріптестігін тереңдету бойынша екі елдің көшбасшылары ұстанған бағытты одан әрі жалғастыруға ниетті екенін атап өтті.
Ли Цян, ҚХР Мемлекеттік кеңесінің премьері:
- Қытай мен Қазақстан ежелден келе жатқан тату көршілер, бізді жалпы ұзындығы 1700 шақырымнан асатын шекара байланыстырады.Дипломатиялық қатынастар орнаған сәттен бастап 30 жыл ішінде біздің елдеріміз арасында тату көршілік, достық, құрмет пен теңдік негізінде өзара тиімді ынтымақтастық орнады. Соңғы жылдары екі мемлекет басшыларының стратегиялық басшылығымен біздің қарым-қатынасымыз тұрақты әрі жан-жақты стратегиялық әріптестіктің жоғары деңгейіне жетіп, жаңа серпін алды.
Премьер-министр Олжас Бектенов екі елдің жетекші бизнес өкілдерінің дөңгелек үстеліне қатысты. Жиын барысында қытайлық инвесторлар тың жобаларын таныстырып, бірлесіп дамыту жайын талқылады. Бүгінде Қазақстанда 5 мыңға тарта қазақ-қытай бірлескен кәсіпорындары табысты жұмыс істеп тұр. Енді оған металлургия, энергетика, фармацевтика мен ауылшаруашылығы сияқты бірқатар маңызды салалар бойынша ірі жобалар қосылады.
Ержан Елекеев, "Қазақинвест" Ұлттық компаниясы» АҚ Басқарма төрағасы:
- Жиынға 30-ға тарта жетекші компания қатысып отыр. Олардың бағыты әртүрлі, әрі заманауи жоғары технологияға негізделген. Мәселен, жүгеріні терең өңдеп, одан төрт-түлікті емдеуге қажетті дәрі-дәрмек өндіріледі. Сондай-ақ бидай өңдейтін өндіріс орнын салу туралы келісімге қол жеткізілді. Жоба Ақмола облысында жүзеге асырылады. Зауытта азық-түлік қоспалары шығарылады. Ол 100 пайыз қытайлық тараптан қаржыландырылады. Құны 650 млн АҚШ доллар шамасында.
Қазақстанда шойыннан жасалған құбырлар шығаратын зауыт салынады. Өндіріс орнында жылына 200 мың тонна өнім жасалады. Ол бірінші кезекте елдегі тұрғын үй-коммуналдық жүйесін жаңғыртып, аясын кеңейтуге пайдаланылады. Сонымен қатар Теміртау қаласында домна қалдықтарынан минералды жылытқыштар өндіретін фабрика салынады. Бұдан бөлек, құны 649 млн АҚШ доллары болатын көмір химиясын дамыту жөнінде келісім жасалды. Бұл жобалардың бірқатарын инвесторлар келесі жылы іске қосуға ниетті. Жиын барысында бас-аяғы 8 түрлі келісімшартқа қол қойылып, құны 2,5 млрд АҚШ доллары болатын коммерциялық келісімге келді.
Арғұлан Майқонов, бірлескен жоба жетекшісі:
- Саран индустриалды аймағының аумағында жүк және коммерциялық техника шығаратын зауыт салынады. Бұл өндіріс орнында 1500 жаңа жұмыс орны ашылады. Бұл машина жасау ісін меңгеруге мүмкіндік береді. Кәсіпорын жас мамандар мен инженерлерді жаңа технологияны игеруге жағдай жасайды. Сондай-ақ, жаңа технологиялар әкелінетін болады.
Осылайша тараптар екі мемлекет арасындағы инвестициялық және сауда-экономикалық ынтымақтастықтың үдемелі дамуын қамтамасыз ету ниетін қуаттады. Келіссөздер нәтижесінде бірқатар құжатқа қол қойылды. Айта кету керек, Үкімет басшысы сапар аясында Чжанцзян ғылыми қаласының «Роботтар алқабында» болып, денсаулық сақтау, өнеркәсіп және қызмет көрсету салаларындағы Қытай робототехника индустриясының соңғы жетістіктерімен танысты.
Руслан Бақытбекұлы