Қазақстан Кореяға ынтымақтастықтың бес бағытын ұсынды

Тауар тасымалын жеңілдету, цифрлық технологиялар, экология және туризм саласындағы ынтымақтастық.

Орталық Азия елдері мен, Корея Республикасы сыртқы істер министрлерінің кездесуінде, осы тақырыптар қаузалды. Сеулде өткен форумға Қазақстанның сыртқы істер министрі қатысты. Мұрат Нұртілеу оңтүстіккореялық әріптесі, Чо Тхэ Ёльмен екіжақты келіссөздер жүргізіп, Орталық Азия елдерінің өкілдерімен бірге, Корея Республикасының Президенті Юн Сок Ёльмен кездесті. 

Форумда сыртқы істер министрі Чо Тхэ Ёль статистикалық мәліметтер келтірді. 1992 жылы дипломатиялық қатынастар орнаған кезде Корея мен Орталық Азия арасындағы сауда айналымы небары 15 миллион доллар болса,  өткен жылы ол 550 есе өсіп, 8,3 миллиард долларға жеткен. Өзара тәжірибе алмасулар басында 100 адамнан тұратын, қазір жылына 40 мыңнан асады. Оңтүстік Корея сыртқы істер министрінің сөзінше, Еуразия аймағындағы және Таяу Шығыстағы қазіргі күрделі геосаяси жағдай кезінде Орталық Азия елдері мен Оңтүстік Корея бір-біріне пайдалы болуы мүмкін. 

Чо Тхэ Ёль, Корея Республикасының Сыртқы істер министрі:

- Қазіргі геосаяси жағдайларда технологиялық дамыған Корея мен табиғи ресурстарға бай Орталық Азия арасындағы энергетика және пайдалы қазбалар саласындағы ынтымақтастықты нығайту екі тарапқа да пайда әкеледі.

Қазақстанның сыртқы істер министрі кореялық бизнесмендерді сирек кездесетін жер металдарын өндіру және өңдеу саласында ынтымақтасуға шақырды. Мұрат Нұртілеу Қазақстанның жер қойнауында шамамен 5 мың игерілмеген кен орны бар екенін және республика жаһандық уран нарығының шамамен 40 пайызын қамтамасыз ететінін еске салды. Министр Қазақстан су саласын автоматтандыру және цифрландыру, кәсіби мамандардың біліктілігін арттыру салаларында ынтымақтасуға да ашық екенін білдірді. Сондай-ақ ол кореялық компанияларға Транскаспий көлік дәлізін пайдалануды ұсынды. 

Мұрат Нұртілеу, Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі:

- Орта дәлізді дамыту - ынтымақтастықтың өте перспективалы бағыты деп санаймыз. Оның ішінде Қытайдағы Ляньюнган және Сиань қазақстандық терминалдарын, сондай-ақ Каспий теңізіндегі Ақтау және Құрық теңіз порттарын пайдалану. Келесі жылы осы құрлықаралық дәліздің өткізу қабілетін жылына 6 миллионнан 10 миллион тоннаға дейін ұлғайту жоспарлануда. Бүгінде Азиядан Еуропаға тасымалданатын құрлықтық жүктің 80 пайыздан астамы Қазақстан арқылы өтеді. Соңғы 15 жылда транзиттік-көлік саласына үлкен мән беріп, инфрақұрылымды дамытуға 35 миллиард доллардан астам инвестиция салдық. Осыған орай, кореялық компанияларды осы бағытты толық пайдалануға шақырамыз.

Сондай-ақ Мұрат Нұртілеу кореялық серіктестерді Қазақстанда қонақ үйлер мен курорттық аймақтар салуға шақырды. Еліміздің көрікті жерлерімен форум қатысушылары Қазақстан стендіне барған кезде танысты. Корея Республикасының сыртқы істер министрі Қазақстанның ұлттық әуе компаниясы жариялаған Алматы мен Сеул арасындағы рейс билеттерінің ұтыс ойынына қатысты.

Барлық делегаттар өз карточкаларын қорапқа сала алады және ұтысқа ие болуыңыз мүмкін.

Орталық Азия елдері мен Оңтүстік Корея арасындағы қарым-қатынаста серпінді қадам аймақ елдері басшыларының кездесуі болуы ықтимал. Ол келесі жылға жоспарланған. Бүгін сарапшылар алдағы саммиттің тақырыптарын талқылады. Кездесуде Орталық Азияның бес мемлекеті мен Корея Республикасының президенттері жеткізу тізбегінің тұрақтылығы, экология және климаттың өзгеруі, цифрландыру мен туризм мәселелерін қарастыруы мүмкін. 

Владислав Цой, Ольга Лян