Өскеменде жылжымайтын мүлік жәрмеңкесі өтті
«Отбасы банк» алғашқы жарнасы 20 проценттен, ал жылдық несиелік мөлшерлемесі 9 проценттен аспайтын тиімді тұрғын үй бағдарламаларын ұсынды.
Өскеменде жылжымайтын мүлік жәрмеңкесі өтті. Банк өкілдері мен серіктес құрылыс компаниялары салымшыларға кеңес беріп, сауалдарына жауап берді. Ал «Отау» және «Наурыз» бағдарламасының қатысушылары өздеріне ыңғайлы баспана таңдауға мүмкіндік алды.
Жәрмеңкеде «Наурыз» және «Отау» ипотекасы жайлы көп айтылды. Себебі аталмыш бағдарламалардың шарттары жеңілдетілген, әрі нарықта ең тиімді саналады. Банктің стандартты талаптары бойынша салымшыдан алғашқы жарна ретінде үйдің бағасынан 50 процент талап етілсе, мұндағы алғашқы жарна небәрі 20 процент. Ал несиелік мөлшерлемесі қазақстандықтар үшін қолжетімді. Оның өзі баспананың жарты құны жинақталған соң, еселеп төмендейді.
Қаршыға Жақсылықов, «Отбасы банк» АҚ ШҚОФ директорының орынбасары:
- Ең бастысы, біздің «Отау» мен «Наурыз» бағдарламаларынан өткен салымшылардың бүгін өздерінің нысандарын, баспаналарын таңдап алады. Ол дегеніміз бүгін құрылыс компаниялары барлық нысандарын көрсетіп, осы жерде бір ұжым болып салымшыларға көмек көрсетіп жатырмыз.
Қазір өңірде «Отау» және «Наурыз» ипотекасы бойынша 500 өтінім мақұлданды. 5 миллиард 88 миллион теңге көлемінде қарыз сомасы берілді. Бір бөлмелі пәтер іздеген Малиға Шабақова жәрмеңкеге келіп, уақытын үнемдегеніне дән риза.
Малиға Шабақова, зейнеткер:
- Жаман емес, жақсы өтіп жатыр, қыздар жақсы қабылдап жатыр, бәріне рахмет.
Жәрмеңкеге 12 құрылыс компаниясы қатысты. Олар үшін шара нағыз таныстырылым алаңына айналды.
Арайлым Сапарғалиева, "Алтын ұя" құрылыс компаниясы сату бөлімінің басшысы:
- Отбасы банк біздің партнерымыз,өздерінің клиенттеріне және өздерінің партнерларына жақсы программалар дайындауда. Алдағы уақытта Отбасы банкпен біріге отырып біздің Алтын ұя құрылыс компаниясы жаңа бағдарламалар ұсынады деген ойдамын.
Келушілер өздеріне оңтайлы нысандарды таңдап, жылжымайтын мүлікті сатып алу тәртібі бойынша банк мамандарынан жан-жақты кеңес алды.
Эльмира Ахметова, Дмитрий Пыхтин