Қазақстанда балық шаруашылықтарының саны үш есе артты

Былтыр еліміз 50-ден астам балық өнімдерінің 25 мың тоннадан астамын экспорттады. Бұл – 85 млн теңгенің өнімі. Ал отандық кәсіпорындар балықты терең өңдеуге ден қоя алмай отыр. Себебі шикізат жетпейді. Енді бұл мәселе қалай шешіледі?

Кейінгі үш жылда еліміздегі балық шаруашылықтарының саны 3 есе артты. 500-ден асатын қожалықтың басым бөлігі көл-тауарлы балықпен, 90-нан астамы тоған шаруашылығымен айналысады. Олар былтыр 17 мың тоннадан аса балық өсірді. 2020 жылдан бері көрсеткіш 2 есе артқан. Мамандар бұған балық шаруашылығын қолдау бағдарламасы негіз болғанын айтады.

 Су қоймаларынан 50 мың тонна балық ауланады

Елдегі 1400-ден астам шаруашылық субъектісі балық аулаумен айналысады, оларға 1800-ге жуық су айдыны мен учаскелері бекітілген. Балық шаруашылығы комитетінің дерегіне сүйенсек, елде 20 халықаралық және республикалық маңыздағы су қоймасы бар. Олар 367 аумаққа бөлінген. 2800 су қоймасы жергілікті мәнге ие. Жалпы табиғи су қоймаларынан жыл сайын 45-50 мың тонна балық ауланады.

 

Балықты терең өңдеуге көңіл бөлінеді

Тамызға дейін еліміз 13 мың тонна балық және балық өнімдерін экспорттады. Оның жалпы құны 42 млн теңгеден асады. Негізгі импорттаушылар – Ресей, Германия және Нидерланды мемлекеттері. Алайда отандық қайта өңдеушілер шикізатқа қол жеткізе алмай дал. Елде шикі балықты қайта өңдейтін 72 цех бар. Олар жалпы қуатының 45%-ін ғана қолданады. Енді мемлекет нысандарды шикізатпен қамтуға көңіл бөлмек. Шығынның бір бөлігін өтеуге ниетті. Тиісті қағиданы Әділет министрлігі пысықтап жатыр. Мемлекеттік қолдау 2025 жылдың қаңтарынан басталады. Бұдан бөлек, шаруаларға берілетін несиенің сыйақы мөлшерін субсидиялау жоспары бар. Мемлекеттік қолдаудың бұл түрлері агроөнеркәсіптік кешен аясында бірыңғай мемлекеттік ақпараттық жүйесіне көшіріледі.

Мирас Ғаббасов, ҚР АШМ Балық шаруашылығы комитеті акваөсіруді дамыту басқармасының басшысы:

- Қағида қабылданғаннан кейін мемлекеттік ақпараттық жүйеде субсидиялар жүзеге асырылады. Субсидияларды әкімдіктер береді. Оны алушылар тегін пайдаланады. Бұл жүйе Бизнестің артық шығындарын болдырмауға мүмкіндік береді.

 

Инвестициялық салымдардың бір бөлігі өтеледі

Биыл балық шаруашылығы Ауыл шаруашылығы министрлігіне өтті. Саланы дамыту бойынша белсенді жұмыс жүріп жатыр. Мәселен, балыққа жем сатып алу кезінде бағаның 30%-і және шаруалар шығыстарының жартысы өтеледі. Мамандар салаға инвестициялық салымдардың да өсіп жатқанын айтады. Осыдан 3 жыл бұрын 6 млрд теңге болса, былтыр 22 млрд теңгеге өскен.

Мирас Ғаббасов, ҚР АШМ Балық шаруашылығы комитеті акваөсіруді дамыту басқармасының басшысы:

- 2024 жылдың мамыр айында бюджеттік жеңілдетілген кредит енгізілді.  Инвестициялық жобаларға, балық өсіруге және өңдеуге. Бірақ ауылшаруашылық өнім болу керек. Ол механизмдер осы жылы басталды. Енді 2025 жылы соны жүзеге асыру бойынша жұмыс істейміз.

 

Бағалы балық түрлерін көбейту көзделеді

Былтыр мемлекеттік және жеке балық шаруашылықтары мемлекеттік тапсырыс бойынша бағалы балық түрлерінің 100 миллион басын өсірді. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 25%-ке артық. Сондай-ақ бағалы балық түрлерінің 162,3 миллион жас төлін белгіленген су айдындарына жіберілді. Көрсеткіш 29%-ке артық. Былтыр 21 елге 50-ден астам балық өнімдерінің 25 мың тоннаға жуығын экспорттадық.