Шанхайдағы көрмеде Қазақстан павильоны таныстырылды
Шанхайдағы China International Import Expo – VII Қытай халықаралық көрмесінде Қазақстанның «Жаңа дәуір, ортақ болашақ» атты ұлттық павильоны таныстырылды, деп хабарлайды 24KZ. Шараға қатысушылар Қазақстанның ет, сүт, май, бал сияқты табиғи өнімдеріне қызығушылық танытып, көрменің алғашқы сағаттарында ғана 22 мың долларға жуық сомаға қазақстандық тауар сатылды.
Халықаралық көрменің салтанатты ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов және Қытай Халық Республикасы мемлекеттік кеңсесі премьері Ли Цян қатысты. Еліміздің ұлттық павильонында электрондық және қаржылық саладағы табысты жобалар да таныстырылып, отандық әзірлеушілердің стартаптары көрсетілді. Олжас Бектенов өз сөзінде озық технологияларды енгізуде мемлекеттер арасындағы өзара іс-қимылды нығайтудың маңыздылығын атап өтті.