Қазақстан компаниялары Қытайдағы көрмеде өз өнімдерін ұсынды
Қытайдағы халықаралық импорт көрмесінде 50-ден астам қазақстандық компания өз өнімдерін ұсынды, деп хабарлайды 24KZ. Оның ішінде жеңіл өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы өндірушілерінің тауарлары бар. Сондай-ақ келушілердің назарына жаңа технологиялық жобалар ұсынылды.
Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевтің айтуынша, бұл көрме – отандық өндірушілердің қытайлық серіктестермен ынтымақтастықты нығайта алатын бірегей алаң. Оған жыл сайын 300 мыңға жуық сатып алушы келеді.
Арман Шаққалиев, ҚР Сауда және интеграция министрі:
- Қазақстандық тауарлардың халықаралық нарыққа шығуына тамаша мүмкіндік. Айта кететін тағы маңызды мәселе, алғаш рет қазақстандық өнімдерді TikTok арқылы онлайн саудаға шығарып жатырмыз. Тек стендке келушілерге емес, сондай-ақ бүкіл әлем бойынша TikTok, интернет арқылы онлайн сатып алуға мүмкіншілік көрсетіп жатырмыз.
Көрмеде TikTok платформасы арқылы стриминг іске қосылды. Алғашқы сағаттардың өзінде онлайн режимдегі сауда қызды. 22 мың долларға жуық сомаға қазақстандық тауар сатылды.