Қазақстан – Франция бизнес форумында 24 келісімге қол қойылды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Францияға мемлекеттік сапары аясында Парижде Қазақстан министрлерінің қатысуымен ірі бизнес-форум өтті, деп хабарлайды 24kz.

Оның қорытындысы бойынша екі елдің мемлекеттік органдары мен компаниялары арасында 20-дан астам келісімге қол қойылды.

Қазақстан мен Франция бизнес-форумына жүз елуге жуық жергілікті компания өкілі жиналды. Бәрінің Қазақстан экономикасына деген қызығушылығы жоғары. Жалпы франциялық кәсіпорындардың әрқайсысы жыл сайын біздің елге шамамен млрд еуродан инвестиция құяды. Жобалардың дені мұнай-газ және өнеркәсіп салаларына бағытталған. Бірақ кейінгі кездері оның ауқымы кеңейе түсуде.

Жеральдин Лямбль, Францияның «Medef International» кәсіпорындар қауымдастығы бас директорының орынбасары:

- Қазақстан өзгеріп келеді, жаңа мүмкіндіктер пайда болуда. Тек энергетика мен мұнай-газ секторы, инфрақұрылым құрылысында ғана емес, азық-түлік өнеркәсібінде де жаңа мүмкіндіктер ашылып жатыр. Денсаулық сақтау, су ресурстарын басқару мәселелері де біраз талқыланды. Сирек кездесетін минералдар тағы бар. Себебі оларды өндіріп қана қоймай, аккумулятор жасайтын етіп өңдеу қажет емес пе?! Сондықтан бұл Қазақстанның болашағына және өнеркәсіпті декарбонизациялауға бағытталған инвестициялары.

Еліміздің инвестициялық мүмкіндіктері туралы министрлер толық айтып берді. Қанат Шарлапаев стратегиялық минералдар жеткізу саласындағы жұмыс перспективаларын таныстырса, Жасұлан Мәдиев Қазақстанның цифрлық трансформация саласындағы жетістіктерін көрсетті. Форумға қатысушылар сондай-ақ Қазақстанда шетелдік инвесторларға жасалған жағдай мен Астана халықаралық қаржы орталығының мүмкіндіктерімен де танысты.

Гүлсара Арыстанқұлова, Қазақстанның Франциядағы елшісі:

- Француз бизнесі Қазақстанға деген қызығушылығын және нақты жасалып жатқан қадамдарды көрсетіп жатыр, әрине, бұл біздің мемлекеттік органдардың, елшіліктің де үлесі бар. Біздің кәсіпкерлердің атқарып жатқан жұмысының арқасында біраз жылдар бойы, әрине, француз бизнесі үлкен жұмыс жасап жатыр елде. Жобалар ашып, инвестиция салып, бірақ біздің алдымызда тағы да еңсеретін, тағы да ашатын жаңа мүмкіндіктер, бағыттар бар. Біз сол мәселелерге бүгін талқыладық. Соның куәсі болдық. Жұмыс ары қарай жалғасатын болады.

Форум қорытындысы бойынша жалпы сомасы 2 млрд АҚШ доллары болатын 24 ведомствоаралық және коммерциялық келісімге қол қойылды. Олардың арасында тек өнеркәсіптік жобалар ғана емес, сонымен қатар қаржы, білім беру және денсаулық сақтау салаларына қатысты келісімдер бар.

Ги Сидос, Қазақстан – Франция іскерлік кеңесінің тең төрағасы:

- Бұл – француз компанияларының Қазақстанға, ал қазақстандық компаниялардың Францияға деген үлкен қызығушылығын білдіреді. Бүгін 20-дан астам келісімге қол қойдық. Бұл француз компанияларының Қазақстан экономикасының дамуына қатысты белсенділігін көрсетеді.

Франция Қазақстанның стратегиялық серіктесі және еліміздегі негізгі инвесторлардың бірі ретінде ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ниетті. Осы бизнес-форум соның айқын дәлелі. Жиында тек ірі жоба өкілдері ғана емес, шағын кәсіп иелері асқан белсенділік танытты.

Авторлары: Әлия Сыздықова, Руслан Өміржан