Шанхайдағы халықаралық импорт көрмесінде Қазақстанның екі павильоны ашылды

Шанхайда VII Қытай халықаралық импорт көрмесі өтіп жатыр. Бір аптаға созылатын іс-шараға 152 мемлекеттен 3500 компания қатысып жатыр, деп хабарлайды 24kz.

Қазақстан биылғы көрмеге екі бірдей павильон қойды. Онда 50-ге тарта импортқа шығарылатын отандық тауар мен тың жобалар таныстырылуда. Көрменің ашылу салтанатына Премьер-министр Олжас Бектенов арнайы қатысты. Үкімет басшысының сапары Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қытай Төрағасы Си Цзиньпин қол жеткізген келісімдерді іске асырып, екі ел арасындағы сауда айналымын арттыруға бағытталған.

Руслан Бақытбекұлы, тілші:

- Халықаралық көрме 2018 жылдан бері тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Бұл – әлемдегі сауда-экономикалық, инвестициялық өзара байланысты дамытуға бағытталған ең ауқымды жобаның бірі. Биылғы көрмеде Қазақстан 50-ге тарта тауар түрін ұсынды. Ұлттық павильондағы өнімдер Қытайдың Мемлекеттік кеңесінің Премьері Ли Цян және көрмеге қатысушы елдер делегацияларының басшылары таныстырылды. Қазақстан биыл жеңіл өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы өндірушілерінің өнімдерін көрсетуде. Сондай-ақ заманауи технологиялық жобалар да бар.

Арман Шаққалиев, ҚР Сауда және интеграция министрі:

- Бұл көрме қазақстандық өндірушілерге өз өнімдерін таныстырып, қытайлық бизнесмендерге жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Жыл сайынғы көрмеге 300 мыңнан астам кәсіби сатып алушылар келеді. Биыл Қазақстан тамақ және ауыл шаруашылығы өнеркәсібі павльонының аумағы былтырғы жылға қарағанда 2 есеге артты.

Биыл импорт көрмесінде қазақстандық өнімдер нарыққа онлайн шығарылды. Павильонға қойылған ет, ұнтақ түріндегі түйе сүті, май, шырын мен бал, тоқыма өнімдері әлеуметтік желі арқылы саудалануда. Бұл сауда-саттық тәсілі биыл алғаш рет қолданылып отыр. Желіде отырған жұртшылыққа экологиялық таза тауар ұсынылды. Электронды сауда түрі дәстүрлі әдістен әлдеқайда тиімділігін көрсетті.

Әсел Егембердиева, «Qaztrade» сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ бас директорының орынбасары:

- Осы көрмеде осы жылы біз бірінші рет онлайн стримингті қостық. Бүгінгі стэндтегі барлық тауарлар онлайн каналдар бойынша сатылады. Таңертең біз стримингті бастадық. Қазірге дейін 150 мың юаньға сатылымдар жасадық.

Биыл Қазақтан цифрландыру саласына айрықша мән берді. Көрмеде трансшекаралық сауданы дамытуға және инвестиция тартуға ықпал ететін цифрландыру және инфрақұрылым саласындағы технологиялық жетістіктер көрсетілді. Сонымен қатар қазақстандық тың стартаптар таныстырылды. Келушілер әсіресе Alaqan AI жобасына ерекше қызығушылық білдірді. Бұл жоба – жеке тұлғаны биометриялық сәйкестендірудің ең қауіпсіз әрі жылдам өткізетін жаңа тәсіл. Қазір жоба еліміздегі 300 білім беру орнында жұмыс істеп тұр.

Берік Нұрымбетов, Alaqan компаниясының жетекшісі

- Бұл адамды қан тамырының суретімен танитын технология. Сұраныстар өте көп болып жатыр. Қазір біраз үлкен компаниялармен келісімдер болып жатыр. Араб елдерінде сұраныс өте мықты болып жатыр. Face IDтехнологиясы ол жақта бетін тұмшалап жүруіне байланысты жұмыс істемейді. Ал енді бұл алақанмен олар әр жерде төлем жасап жүре береді. Одан да бөлек басқа мекемелерге еркін кіріп-шыға алады.

Бұдан бөлек, ұлттық павильон аясында туризм, логистика, экспорт және инновация салаларына қатысты қазақ елінің мүмкіндіктері таныстырылды. Айта кету керек, Қазақстан көрмеге осымен жетінші мәрте қатысып отыр. Бұл – отандық тауарларды импортқа шығаруға үлкен мүмкіндік. Әрі халықаралық деңгейде экономикалық интеграцияны нығайтуға жол ашады.

Авторы: Руслан Бақытбекұлы