Мемлекеттік бағдарламаның баспанасы қымбаттауы мүмкін
Үйің болса, күйің де болатыны рас.
Сондықтан болар қазақстандықтар зейнетақы жинағының бір бөлігін баспана алуға бағыттап жүр.
Мәселен, өткен айда тұрғын үй жағдайларын жақсартуға ниетті салымшылардан түскен 45 мың өтініш мақұлданды.
Ипотека рәсімдеушілердің де үлесі артқан.
Өткен айда ипотека үлесі 17 пайызға артты
Қазір елде нарық шартымен берілетін ипотекалық несие үлесі артты. Жыл басынан бері 450 млрд теңге рәсімделген. Бұл былтырғы сәйкес кезеңнен 42 жарым пайызға көп. Ал жеңілдетілген шартпен рәсімделген қарыз көлемі 876 млрд теңгеге жуықтады. Жалпы банктердің ипотекалық портфелі 5,8 трлн теңге. Қаңтар-қыркүйек аралығында елде 1,4 трлн теңге баспана несиесі берілді. Бұл былтырғы сәйкес кезеңнен 17 пайызға көп.
Зейнетақы жинағының бір бөлігіне баспана алатындар көп
Зейнетақы жинағының бір бөлігін баспана алуға алғашқы жарна ретінде қолдану сәнге айналды. Бірінші несие бюросының дерегіне сүйенсек, өткен айдағы көрсеткіш он бес пайызға артқан. Мақұлданған 45 мың өтініштің жалпы сомасы 37,4 млрд теңгені құраған.
17 мың адам банкрот деп танылды
Қаржы министрлігі азаматтардың өзін-өзі банкрот деп жариялауға саналы түрде келетінін мәлімдеді. Қазір елдегі бір млн тұрғынның банкроттық талаптарға сай келетіні белгілі. Алайда олар рәсімдеу бойынша өтініш беруден бас тартқан. Заң қабылданғалы соттан тыс және сот арқылы рәсім бойынша 17,8 мың адам банкрот деп танылды. 54 жарым млрд теңгеге жуық қарыз кешірілді. Ал өзін-өзі банкрот деп жариялауға ниет білдірген 96 мың жеке тұлғаның өтініші мақұлданбады. Себебі көбінің төлем қабілеті айтарлықтай нашар болмай шыққан.
Меруерт Сейсембаева, ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті дәрменсіз борышкерлермен жұмыс басқармасының басшысы:
- Бізде статистика бойынша рәсім жүріп жатқан кезде өзінің өтінішін кері қайтарып алуға мүмкіндігі бар. Ал енді банкроттығы бар деп танылғаннан кейін, бұл статустан қалай құтылсам болады деп, ондай заңда қарастырылмаған. Ол банкрот деп танылды ма, ол статус бұл азаматта қала береді.