Қарағанды облысының экономикасына ₸680 млрд құйылған

Бұл былтырғы инвестиция көлемінен 15% көп. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте өңір басшысы мәлімдеді. Сонымен қатар Ермағанбет Бөлекпаев аймақта бірнеше жаңа кәсіпорын ашылғанын жеткізді. Бұл қатарда полиэтилен түтік және газбен істейтін су қыздырғыш қазандықтар жасау зауыты бар.

Биыл Қарағанды облысының экономикасы 13% өскен. Мәселен, өнеркәсіп өндірісінің көлемі 3 триллион теңгеге жуықтады. Оның 2,2 триллионы өңдеу өнеркәсібіне тиесілі.

Ермағанбет Бөлекпаев, Қарағанды облысының әкімі:

- Ауыр өнеркәсіппен қатар аграрлық сектор да қарқынды дамып келеді. Өндіріс көлемі бойынша елімізде жетінші орында тұрмыз. Биыл диқандарымыз рекордтық түсім алды. 1 млн 300 мың тонна бидай жинадық. Мұндай көрсеткіш 13 жылдан бері болмаған.

Өңірде шағын және орта бизнесті дамытуға да ерекше көңіл бөлінген. Қазір бұл салада еңбек етіп жүргендер саны 230 мыңға жетті. Ал салықтық түсімдер 16% өскен.

Ермағанбет Бөлекпаев, Қарағанды облысының әкімі:

- Біз шағын және орта бизнеске мемлекеттік қолдау аясында белсенді көмектесіп келеміз. Оған «Инкар 1» металл өңдеу кәсіпорны жарқын мысал бола алады. 5 адаммен басталған шағын шех бүгінде 115 адамды жұмыспен қамтып отыр.

Облыста маман тапшылығын жою бағытындағы жұмыстар да қолға алынған. Оның ішінде денсаулық сақтау саласына баса көңіл бөлініп отыр. Мәселен, екі жыл ішінде 236 медицина қызметкеріне пәтер берілген. Сондай-ақ ауылдық жерлерге дәрігерлерді тарту үшін берілетін қаражат сомасы 1,5 млн-нан 8,5 млн теңгеге дейін ұлғайтылды.

Авторлары: Серік Селеубайұлы, Анэль Едільқызы.