Атырау облысындағы полипропилен зауыты тағы үш желіні іске қосады
Атырау облысындағы полипропилен өндіретін зауыт жыл соңына дейін тағы үш желіні іске қосады, деп хабарлайды 24KZ. Қазір шығарылатын 9 түрлі өнімнің бесеуі Қазақстанда бұрын-сонды өндірілмеген екен. Соның арқасында импорт үлесі азайған. Бұған қоса полипропилен зауыты мамандарды даярлау алаңына айналып үлгерді. Бүгінде 700-ге жуық қызметкердің 83%-і – облыс тұрғындары.
Үш жыл бұрын 3-ші разрядтағы оператор боп жұмысқа орналасқан Асланбек Тілеубаев қазір бесінші санаттағы аға оператор қызметін атқарады. Теңіз кен орнынан келетін пропанды құю және оны сақтау қондырғысының білікті маманы бүгінде өзінен кейінгі жастарға білгенін үйретіп жүр.
Асланбек Тілеубаев, пропанды құю және сақтау қондырғысының аға операторы:
- Біздің өндіріс Теңіз кен орнынан тәулігіне 72 вагон цистерна қабылдап, оны сақтау паркіне құйып алып және дегидрлеу пропан қондырғысына тасымалдаймыз. Ауысымда 8 оператормыз өзімді қосқанда. Бір машинист бар, 5 «товарный оператор» бар және 1 пульт операторы бар.
Қазір полипропиленге еліміздегі сұраныс 45 мың тоннаны құрайды. Зауыт бұл қажеттілікті көлемі мен маркалық жағынан да қамтамасыз етіп отыр. 2022 жылға дейін ішкі нарық импортқа тәуелді болса, зауыт ашылғаннан кейінгі көрсеткіш айтарлықтай төмендеді.
Дамир Әбілдинов, зауыттың сату қызметі және тұтынушылар сервисі қызметінің басшысы:
- Зауыт ашылғалы қазір полипропиленнің 9 түрі өндіріледі. Оның бесеуі – бұрын шығарылмаған өнім. Соның арқасында ішкі нарықтың сұранысы қамтылып отыр. Сонымен қатар өнімдер Ресей, Түркия, Қытай және Еуропаға экспортталады. Жалпы алғанда зауыт өнімінің 90%-і экспортқа шығарылса, қалған 10%-і ішкі нарықта қалады.
Полипропилен зауытының іске қосылуы елдегі өңдеу өнеркәсібіне серпін беріп, шағын және орта кәсіптің дамуына мүмкіндік сыйлады. Петропавлдағы металл пластикалық өнімдер зауыты бұған дейін импортқа тәуелді еді. Енді Атыраудағы зауыттың өнімін пайдалана отырып, халық тұтынатын пластик өнімнің 500-ден аса түрін шығарады.
Степан Новокрещенов, металл пластикалық өнімдер зауытының директоры:
- «КРІ» Атыраулық зауыттың өнімін өндірісте тексеріп көрдік. Сапасы да, бағасы да көңілге қонымды. Шетелден шикізатты ұзақ күтетін едік. Ал қазір уақытылы жеткізіледі. Сондықтан тапсырыстарды еш қиындықсыз қабылдап жатырмыз.
Өңірдегі полипропилен зауытының өнімін қазір отандық 50-ге жуық компания тұтынып отыр. Оған қоса шет елдерге де экспортталады. Отандық өндіріс ошағында өндірілген полипропилен бағасы көршілес елдермен салыстырғанда төмен. Бұл шикізатты емес, дайын өнімді экспортқа шығаруға мүмкіндік береді.
Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Матенов, Жандос Рахметуллин.