ОАӨЭЫ бағдарламасы аясында Қазақстанға $9 млрд инвестицияланды

Орталық Азия өңірлік экономикалық ынтымақтастық бағдарламасы аясында аймаққа 51 млрд доллар инвестиция құйылған, деп хабарлайды 24kz.

Оның 9 млрд-тан астамы Қазақстандағы жобаларға бағытталды. Қомақты қаражат соңғы 20 жыл ішінде тартылған. Бұл туралы Орталық Азия өңірлік экономикалық ынтымақтастық бағдарламасының XXIII Министрлік конференциясында айтылды. Басқосуға Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Премьер-министр Олжас Бектенов қатысты. Ауқымды жиын Қазақстанның төрағалығымен Астанада өтті. Онда қаржылық тұрақтылық, инфрақұрылымды дамыту, сауда, энергетика, су ресурстары және декарбонизация салаларындағы іс-қимыл мәселесі талқыланды. Үкімет басшысы бағдарламаның Орталық Азия өңірі үшін өзектілігін атап өтті. Ал, Азия даму банкінің президенті Масацугу Асакава экономикалық ынтымақтастықтың басым бағыттарына тоқталды. Атап айтқанда, климат өзгерісіне қарсы күрес, цифрлық трансформацияны дамыту және инновациялар енгізу жайын қаузады. Конференция соңында «Климат және орнықты даму жобаларын дайындау қоры туралы» келісімге қол қойылды.