Президенттің шет елдерге жасаған әр сапары сайын үлкен жобаларға жол ашылады
Қатар мемлекеті Қашаған кен орнында екі газ өңдеу зауытын салуға 3,5 млрд доллар жұмсайды, деп хабарлайды 24kz.
Кәсіпорынның алғашқысы 2026 жылы ашылуы керек. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Дохаға сапары кезінде осындай маңызды келісім жасалды. Мұндай мысалдар көп. Президенттің әрбір шетелдік сапары үкіметтік, коммерциялық және дипломатиялық шарттарға негізделеді. Мемлекет басшысы биыл қай елдерге барды? Сапардың нәтижесі қандай?
Президенттің әр сапары сайын үлкен жобаларға жол ашылады. Италияның бизнес өкілдері де қазақ жерінде «жасыл» экономикадан бастап цифрлық трансформацияға дейінгі салаларда өз үлестерін қосуға мүдделі. Қасым-Жомарт Тоқаевтың жыл басындағы Италияға жасаған ресми сапарында италиялық тараптың қазақ жерінде гибридті электр станциясын салу жобасына қол қойылды. Демек, инвестиция –тек қаржы емес, ол – озық тәжірибе, дамыған технология, заман талабына сай білім мен инновация көзі.
Қазақ еліне инвестицияның жаңа ағынын тартуға бағытталған Президенттің маңызды сапарының бірі Қатарда өтті. Бұл сапарда 17,6 млрд долларды құрайтын маңызды 12 құжатқа қол қойылды. Қатардың жаңа қаржылай салымдары отандық экономикаға қан жүгіртіп қана қоймай, болашақта халықтың тұрмыс сапасын арттыруға, инфрақұрылымды жақсартуға ықпал етпек. Әр келісім – әрбір қазақ баласына сенімді болашақ қалыптастыруға жасалған қадам.
Санжар Жаркешов, «Qazaqgaz» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы:
- Бұл 4 жоба Қазақстанның ірі жобаларын жүзеге асыруға және Қазақстанның газ саласын дамытуға бағытталған. Атап айтсақ, Ақтөбе – Қостанай магистралды газ құбыры салынатын болды. Бұл газ құбырының мақсаты – өңірлердегі халықтың газға қол жетуі және ірі жобалар, әсіресе, өндірістің газбен қамтамасыз етілуіне бағытталған. Және Қазақстанның оңтүстігі мен орталығына аса маңызды газ нысаны Бейнеу – Бозой – Шымкент магистралды газ құбыры мега жобасы және Қашаған кен орнында 2 газ өңдеу зауытын салуға инвестиция жасауға қол қойдық. Бұл 2 газ өңдеу зауыты Қазақстанның газ ресурстық базасын арттырады.
Айтпақшы, Қатар Қазақстанда тағы бір мега жоба – Қашағандағы екі газ өңдеу зауытының құрылысына шамамен 33,5 млрд инвестиция салуға ниетті. Қорыта айтқанда, Президенттің бұл сапары елдің ішкі нарығына, өндіріс ошақтарына заманауи технологиялар мен озық стандарттардың келуіне жағдай жасап, Қазақстанның жаһандық нарықта өз орнын табуына жол ашты.
Шетелдік серіктестер Қазақстанды тек инвестиция құйылатын орын ретінде ғана қарамай, оның халықаралық қауымдастықтағы беделін де мойындайды. Әрбір келісім тек қаржылай емес, интеллектуалдық капиталды тартуға да ықпал етті. Мемлекет басшысының Сингапурға жасаған сапынан осыны аңғаруға болады.
Филип Йео, Accuron Technologies Limited басқарма төрағасы:
- Қазақстанның әлеуеті озық идеялы, білімді әрі дарынды жастарында деуші едім. Оған қоса, Қазақстан Орталық Азиядағы жетекші ел саналады. Бұл аймақтағы халық 80 млн-нан асады, бұл – біз үшін үлкен нарық. Қазақстан мен Сингапур ақпараттық технология, инженерия, ғылыми медицина саласында ынтымақтастықты күшейте алады. Сонымен қатар Сингапурмен өзара іс-қимыл Қазақстан үшін Оңтүстік Шығыс Азия нарығын ашады.
Инвестиция – сенім мен тұрақтылыққа негізделеді. Әлемдік компаниялармен серіктестік құрудың кілті осы селкеусіз сенімде жатыр. Президенттің Францияға сапарында энергетика һәм өңдеу өнеркәсібінде бірлескен жобалар талқыланды. Ғарыш саласына қатысты уағдаластық та бар. Бұл үшін франциялық Airbus компаниясы өз технологиясын ұсынуға дайын.
Ал Француздық Alstom компаниясы бүгінде еліміздің теміржол индустриясының негізгі инвесторына айналған. Компания құрылысқа, технологиялар трансферті мен қазақстандық мамандарды оқытуға €120 млн инвестиция салды. 1 мыңнан астам жұмыс орнын құрды. Астанада 7 өндірістік база ашты, оның ішінде жолаушылар және ауыр жүк электровоздарын өндіретін «Электровоз құрастыру зауыты» бар. Француз компаниясы енді Шу қаласында электровозға техникалық қызмет көрсететін алғашқы сервистік орталықтың құрылысын бастады. Жоба құны €50 млн-ды құрайды, сервистік орталықтың ашылуы 2025 жылға жоспарланған.
Жером Бойе, Alstom компаниясының Батыс және Орта Азия кластерінің басқарушы директоры:
- Бүгінде Қазақстандағы кәсіпорындарымызда 1200 адам жұмыс істейді. Оның тек 5-еуі ғана шетелдік. Қалғаны осы елдің азаматтары. Шу мен Арыста ашылатын деп оларда да жергілікті мамандарды жұмысқа аламыз. Егер қажетті кадрлар таппасақ, шетелден білікті мамандарды да тартамыз. Ал бұл локомотив орталықтары заманауи технологиялармен жұмыс істейтін болады. Яғни, сандық технологияның арқасында локомотивтің жағдайын, қандай бөлшекті ауыстыру керектігі алдын ала болжанады. Қазақстандық мамандар осы жаңа жүйені меңгеретін болады.
Ел мен жердің қадірін білетін халқымыз үшін бұл келісімдер тек материалдық байлық қана емес, елдік пен бірліктің айғағы болмақ. Қазақстан Президентінің тарихы-тамырлас Моңғолия еліне сапарында Қазақстанның ниетін бірден айтты. Екі ел басшылары ынтымақтастық аясын кеңейтіп, тауар айналымын 500 млн долларға дейін жеткізуге уағдаласты. «Иә, әр келіссөз – халықтың болашағын айқындайтын, экономикалық тұрғыдан қуатты әрі саяси жағынан тәуелсіз Қазақстанды қалыптастыруға бағытталған нық қадамдар», - дейді сапаршылар.
Айдар Амребаев, саяси сарапшы:
- Еуроодақтағы ең мықты мемлекеттер ғой – Франция мен Германия. Қазақстан олармен жақсы қарым-қатынас жасауда. Шольц та келіп кетті. Үлкен келісімшарттарға көңіл аударылды. Франциямен қарым-қатынаста Орта Азияға беріп жатқан инвестицияда 80%-і Қазақстанда қалады. Сондықтан біз Францияға, Орта Азияға дәліз десек болады.
Президент Тоқаевтың сапарларында тек экономика ғана емес, саяси байланыстарды бекемдеу де басты назарда болды. Әлемдік державалармен орнаған берік ынтымақтастық еліміздің халықаралық аренадағы бейбіт бастамалары мен көпвекторлы сыртқы саясатының жемісі екенін көрсетеді. Бір сөзбен айтқанда, Мемлекет басшысының сапарлары қазақ елінің жарқын болашағына бастар жолдың тағы бір маңызды белесі болды.
Авторы: Риат Шони