Қазынаға қайтарылған қаржыға бірқатар әлеуметтік нысан салынады
Мемлекет кірісіне қосымша 525 млрд теңге айналымға түсті. Енді қомақты қаржы әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға жұмсалады, деп хабарлайды 24kz.
Биыл комиссия қайтарған активтер бойынша жалпы сомасы 900 млрд теңгенің келісімін мақұлдады. Бұл қаражатқа бірқатар әлеуметтік нысанның құрылысы жүріп жатыр.
Заңсыз шығарылған активтерді қайтару есебінен Алматыда ерекше қажеттілігі бар адамдарға арналған 400 орындық оқу-жаттығу орталығы салынады. Бүгінде қалада 54 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі жан тұрады. Жалпы елімізде инклюзивті ортаны қалыптастыру ісінде Алматы алдыңғы орында тұр. Дегенмен, мұндай орталықтарға деген қажеттілік әлі де бар. Кешен параспортты дамытуға және ерекше жандардың әлеуметтік бейімделуіне зор мүмкіндік бермек.
Ұлан Іңкәрбеков, Алматы қалалық мүгедектер қоғамының төрағасы:
- Енді ол орталықта мысалы адамның спортпен шұғылдануға мүмкіндік жасалатын тренажерлар болса екен дейміз. Өйткені өздеріңіз білесіздер, көпшілік құралдар бізге болмайды. Бізге ерекше құралдар керек. Сондықтан бізге ерекше тренерлар керек. Сондықтан біз оны талқылап, әкімнің алдына шығарамыз.
Ал, Астанада арбаға таңылған балаларды оңалту орталығы салынбақ. Сондай-ақ Арқалық қаласында дарынды балаларға арналған 120 орындық спорт кешені бой көтереді.
Айтжан Мәліков, Арқалық қалалық дене тәрбиесі және спорт бөлімінің басшысы:
- Арқалық қаласында дзюдо, қазақ күресінен бүгінде балаларымыз жоғары жетістіктерге жетіп жүр. Өкініштісі, балалар 9-сынып бітіргеннен кейін көбі басқа қалаларға кетіп қалып жатыр. Сондықтан ол балаларды өз қаламызда ұстап, спортпен шұғылдануына жағдай жасау мақсатымыз бар.
Ауқатты қазақстандықтар өз активтерін ақшалай ғана емес, мүлік түрінде де қайтара алады. Қайтарылған активтерді басқару жөніндегі компанияның бас директоры Қуанышбек Мұқаштың айтуынша, қазір компанияның балансына 60-қа жуық жылжымайтын мүлік берілген. Мұнда жер учаскелері, әкімшілік және коммерциялық ғимараттар бар. Сондай-ақ жүзден астам түрлі зергерлік бұйымдар қайтарылған. Олардың арасында тіпті Сақ кезеңіндегі құнды мұражай экспонаттары да табылады.
Қуанышбек Мұқаш, «Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» ЖШС бас директоры:
- Қазақстанда орналасқан бұл активтер міндетті түрде «Е-Қазына» платформасы арқылы иерархия бойынша сатылады. Онда барлығына қолжетімді болады. Яғни, бәсекелестік және активтің мемлекет үшін максималды пайдамен сатылу мүмкіндігі бар. Өйткені мұнда ағылшын аукционының әдіс қолданылады.
Бүгінде бұл қаражатқа бірқатар әлеуметтік нысандардың құрылысы басталған. Мәселен, бұған дейін Президент тапсырмасы бойынша Арнаулы мемлекеттік қордан Ақмола облысындағы Зеренді ауылында спорттық кешен мене Түркістан облысындағы Темірлан ауылында музыка мектебінің құрылысына қаражат бөлінді.
Авторлары: Айнұр Қуатқызы өңірдегі тілшілердің көмегімен