Елімізде «Бір ауыл – бір өнім» жобасы сәтті іске асып жатыр
«Бір ауыл – бір өнім» жобасы. Оның шағын және орта кәсіпкерлерге тиімділігі қандай?
Мемлекет басшысының өзі осы салаға көбірек көңіл бөлуді тапсырған еді. Бұл туралы тіпті өз Жолдауында айтты. Ал енді сіз айтып тұрған «Бір ауыл – бір өнім» жобасы қазір сәтті іске асып жатыр. Ол жергілікті шикізаттан өнім өндіруді көздейді. Сондай-ақ әр кәсіпкер өзінің тұратын аймағында бизнесін дамыта алады. Осылайша, бәсекеге қабілетті әрі сапалы өнім өндіреді. Жоба 2022 жылдан бері іске асып келеді. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының бұл бағдарлама аясындағы міндеті бар. Палата қажетті шараларды ұйымдастырып, жәрмеңкелердің өтуіне көмек көрсетіп тұруы қажет. Ал бұл бастаманы жергілікті әкімдіктер қолдап отыруы тиіс. Жалпы жобаға кез-келген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері мен іскерлік қабілеті бар тұрғындар қатыса алады.
Тимур Нақыпбеков, «Атамекен» ҚР ҰКП төралқа төрағасының орынбасары:
- Бүгін біз «Бір ауыл – бір өнім» мемлекеттік бағдарламасы қатысушыларының жобаларын таныстырдық, көрсеттік. Әртүрлі өңірден келіп отыр. Бұл бағдарламаның ерекшелігі бар. Нақты бір ауылдан, елді мекеннен бір өзіндік сол жердің шикізатына негізделе отырып, ұлттық ерекшеліктерді, нақышты, сол жердің тарихын, табиғатын баяндайтын, экоологиялық таза, органикалық өнімді шығаруға бағытталған жоба.
Ұлттық кәсіпкерлер палатасының дерегінше, қазір елдегі шағын бизнеске қарасты 2 млн-нан астам компания бар. Көрсеткіш өткен жылдармен салыстырғанда 10%-ке өскенін байқауға болады. Орта кәсіпкерлік сегментінде шамамен 3 мың компания бар. Бұл көрсеткіш те тұрақты өсіп келеді.
Жалпы мемлекеттік қолдау шараларының аграрлық-өнеркәсіптік кешен саласынан айқын байқауға болады. Биыл көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына жеңілдікпен несие беру 2,5 есе артып, 580 млрд теңге болды. Бұл ауыл шаруашылығы дақылдарынан жоғары өнім алуға мүмкіндік берді. Үкімет қазір шағын және орта бизнес саласында да осындай көрсеткіштерге қол жеткізуге ден қойып отыр.
Тимур Нақыпбеков, «Атамекен» ҚР ҰКП төралқа төрағасының орынбасары:
- Жалпы бізде 2 млн-ға жуық кәсіпкерлер тіркелген. Негізгі кәсіпкерліктің біздің құрамын алатын болсақ негізінен кіші бизнес өкілдері. Сондықтан қазіргі таңда кіші бизнесті дамытуға бағытталған бағдарламалардың маңыздылығы да содан туындайды.
Қазір көптеген мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асып келеді. Ол ең алдымен шағын және орта бизнес өкілдеріне тиімділігін көрсетіп жатыр.