Қазақстан экономикасындағы шағын және орта бизнестің үлесі 37% өсті
Ел экономикасындағы шағын және орта бизнестің үлесі 37% өсті, деп хабарлайды 24kz.
Биылғы жарты жылда 34 трлн теңгенің өнімі өндірілді. Бұл былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда әлдеқайда жоғары. Бұл туралы бүгін Астанада өткен бизнес-форумда айтылды. Оған 400-ден астам кәсіпкердің басын қосқан шараға шетелдік инвесторлар да қатысты. Форум аясында көрме ұйымдастырылып, оған өңірлерден арнайы келген шағын және орта бизнес өкілдері өз өнімдерін қойды.
Шағын және орта бизнес – кез-келген экономиканың қозғаушы күші. Кәсіпкерлік дамыса, жергілікті нарық қажетті өніммен, одан қалды қызметпен қамтылады. Бұл – қарпайым алгоритм. Отандық кәсіпкерлерге қолдауды күшейту керек екенін Мемлекет басшысы да көп айтады. Биылғы халыққа Жолдаудың бір тармағы да осы мәселеге арналғаны белгілі. Бүгінгі форумға кәсіпкерлер де олардың жоғын жоқтап, мұңын жеткізетін «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы да, Үкімет мүшелері де түгел жиналды. Премьер-министр Олжас Бектенов жиналғандарға кәсіпкерлерді қолдау тетіктерін баяндады.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Мемлекет басшысы биылғы халыққа Жолдауында бизнес жүргізуге қажетті жағдайды жақсарту бойынша алдымызға бірнеше нақты міндет қойды. Кез-келген экономиканың негізгі тірегі кәсіпкерлік екені баршаңызға мәлім. Сондықтан отандық кәсіпкерлермен сенімді және өзара тиімді серіктестік орнату – Үкімет үшін сөзсіз басымдық болып табылады. Біз елдегі инвестициялық және бизнес ахуалды жақсарту, әкімшілік кедергілерді азайту және отандық бизнес жобаларды қолдау бойынша жұмыстарды өздеріңізбен бірге әрі қарай жалғастыратын боламыз.
Үкімет басшысы айтып тұрған экономиканы әртараптандыруға әлем елдері ұмтылады. Тек қана шикізатқа байланған елдің болашағы бұлыңғыр екенін бесенеден белгілі. Үкімет бұл тұрғыда не істеді? Бизнестің дамуына кедергі 10 мыңнан астам талап жойылды. Шағын және орта кәсіпкерліктің басым салаларын қолдау мақсатында қаржылық шаралар іске асырылып келеді. Екінші деңгейлі банктер несиелерін субсидиялау және ішінара кепілдік беру аясындағы қолдау шаралары соңғы 5 жылда 5 есеге өсті. 150 мыңнан астам жоба іске асырылды. Төленген субсидиялар көлемі 8 есе артты.
Райымбек Баталов, «Атамекен» ҚР ҰКП төралқа төрағасы:
- Халықтың 30%-тен астамы шағын және орта бизнесте жұмыс істейді. Бірақ соның өзі саладағы оң өзгерістерді көрсете алады. Қазір Үкіметтің бизнес бағытындағы шешімдері өңірлердегі кәсіпкерлікті дамытуға мүмкіндік беріп отыр. Бүгінде елімізде саланы қолдау мақсатында түрлі бағдарламалар жүзеге асып келеді. Сондай-ақ форумда біз «Бір ауыл – бір өнім» жобасының нақты нәтижелерін көрсеттік.
Жаңагүл Жапарова бұл көрмеге қатысу үшін Маңғыстаудан арнайы келген. Кәсіпкер қой мен түйенің жүнін кәдеге жаратып, одан түрлі қажетті бұйым жасайды. Қазіргі табысы 10 млн теңгеден асады. 30-дан астам адамды жұмыспен қамтып отырған іскер әйел 2 жылда шағын кәсіпорынды толыққанды цехқа айналдырған. Осылайша, пайдасын 18 есе арттырды. Форум аясында ұйымдастырылған бұл көрмеге Жаңагүлден басқа ондаған кәсіпкер келді. Бұл жердегінің барлығы 100% отандық өнім.
Жаңагүл Жапарова, кәсіпкер:
- 2022 жылы пилоттық жоба басталып, қазір үлкен белестерге жетті. табысымыз да көбейді әрі бұл ауылдың қолөнерді дамытып, ауыл тұрғындарының әлеуетін көтеруге өте мүмкіндігі мол жобаның бірі. Түйенің жүні экологиялық өте таза наналин бөлінгендіктен, шетелдіктерге өте сұранысқа ие тауардың бірі болып келеді.
Осы аталған кешенді шаралар нәтижесінде ел экономикасындағы шағын және орта бизнестің үлесі 37%-ке өсті. Биылғы жарты жылда 34 трлн теңгенің өнімін өндірілген. Бұл былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда әлдеқайда жоғары.
Авторлары: Альмира Оразбай, Қанат Махмудов