Биыл 236 ақтөбелік қайтарымсыз грантқа қол жеткізді

Биыл екі жүзден астам ақтөбелік қайтарымсыз грант иегері атанды, деп хабарлайды 24kz.

Мемлекеттің қаржылай қолдауына ие болған жандар жеке кәсіп ашуға мүмкіндік алды. Бизнес жобаның өміршеңдігін дәлелдеген үміткерге 400 айлық есептік көрсеткіш көлемінде қаржы берілді.

Айнұр Бихатованың оқу орталығы білім күні есігін айқара ашты. Ақтөбенің іргесіндегі Сазды ауылы тұрғыны тақта мен парталар, оқу құралдарын мемлекеттік грант есебінен сатып алған. Ауласындағы шағын ғимаратты жабдықтап, қазір жиырмадан астам оқушыға дәріс беріп жүр. Бұған дейін көрші-қолаңның балаларын оқытып келген бастауыш сынып мұғалімі кәсібін тұрақты табыс көзіне айналдыруға қайтарымсыз грант сеп болғанын айтады.

Айнұр Бихатова, жас кәсіпкер:

- Үй аралап оқытып жүрдім, үйден қабылдап жүрдім балаларды. Содан соң осындай шешімге келдім. Биыл осындай мүмкіндік беріп тұрғасын «сол мүмкіндікті неге пайдаланбасқадеп жақсы жұмыс жасап жатырмыз. Оқушылардың ата-аналары да риза. Оқушыларымның да сабақ үлгерімі жақсарып, бірталай көтерілді.

1 476 800 теңге болатын қайтарымсыз грант иегері атану үшін болашақ кәсіптің жобасын арнайы комиссияға ұсынып, өміршеңдігін дәлелдеу қажет. Үміткерлер де қатаң іріктеуден өтеді. Бірінші кезекте көпбалалы және аз қамтылған отбасы мүшелеріне, мүгедектігі бар жандар мен қандастарға, асыраушысынан айырылған отбасына басымдық беріледі.

Баянды Дүйсенова, қалалық мансап орталығы филиалының сектор меңгерушісі:

- «Еңбек» мобильді орталығы және грант иегері арасында шарт жасақталады. Осы шартқа сәйкес грант иегері бір жыл бойына, тоқсан сайын өзінің есебін тапсырып отырады. Осы есепті тапсырмаған жағдайда немесе жалған ақпарат берген жағдайда мониторинг жұмыстары кезінде қандай да бір жайттар анықталған жағдайда грант қаражаты мақсатсыз жұмсалғаны анықталса сот тәртібі негізінде қайтаруға жатады.

Мемлекеттік гранттан үмітті жандарға қойылар тағы бір талап – «Бизнес бастау» жобасы аясында кәсіпкерліктің негізін үйрену. Бүгінде қаржылай қолдау тапқан 236 ақтөбелік тігін цехтері, шаштараз бен балаларды оңалту орталықтары сияқты кәсіп түрлерін игеруге кіріскен.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков, Айбек Даутов