«Ауыл аманаты»: Жамбыл облысында сегіз мыңнан астам адам кәсіп ашты

Жамбыл облысында «Ауыл аманаты» жобасы жүзеге асқалы 8 мыңнан аса адам кәсіп ашты.

Бұған республикалық бюджеттен 42,2 миллиард теңге бөлінді. Атқарылған жұмыстармен Премьер-Министрдің кеңесшісі Ералы Тоғжанов танысты.

«Ауыл аманаты» жобасы алғаш рет 2019 жылы Жамбыл облысында пилоттық режимде іске қосылған. Сол кезеңнен бері 62 ауылдық округті қамтыды. Бес жыл ішінде жаңадан ашылған жұмыс орындарының үлесі 25 пайызға артты, ал атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 50 пайызға қысқарды. Ералы Тоғжанов төмен пайыздық несие арқылы кәсіп ашқан Байзақ және Меркі ауданының тұрғындарымен кездесті. «AMANAT» оқу-әдістемелік орталығының жұмысымен танысты. 

Ералы Тоғжанов, ҚР Премьер-министрінің кеңесшісі:

- Берілген ақшаның бәрін тек қана малға ғана емес, мына басқа ауыл шаруашылық өнімдерін оның ішінде халыққа елге қажетті өнімдерді шығаруға да бағыттау керек. Сондықтан осындай біраз күрделенген сұрақтар жоқ емес. Оны бүгін ауылдың әкімдерімен аудан әкімдерімен талқылап, міне ортаға қойдық. Оның шешу жолдарын да. 

Әр ауыл өз өнімін өндіріп, тұтынатын деңгейге жету керек, деді Премьер-Министрдің кеңесшісі. Сонымен қатар шағын шаруашылықтарды кооперативке біріктіруді жалғастыру керектігіне тоқталды. Осылайша  ауыл шаруашылығы техникасына қолжетімділік артады. Бұған аймақ фермерлерінің тәжірибесі дәлел. 

Қайрат Көшенов, ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

- Құрылған 57 коперативтерге жергілікті бюджет есебінен 3,5 миллиард теңгеге 533 дана ауылшаруашылық техникалары лизинг жүйесімен берілді. Ауылды елді мекендерде өз кәсібін ашу бағытында 730 млн теңгеге 91 жоба қаржыландырылды. Құрылған жеке кәсіпкерлерді есептей отырып 8090 жаңа жұмыс орындары ашылды.

Жоба аясында биыл облысқа 10 жарым млрд теңге бөлінді. 1200 тұрғын кәсіп ашу мүмкіндігіне ие болды. Сапар соңында Ералы Тоғжанов барлық әкімдерді жинап, кеңес өткізді. Жиында өңірдің 4 ірі кәсіпорыны облыс әкімдігімен меморандумға қол қойды. Енді олар шағын шаруашылықтарды қолдау үшін өндірілген өнімдерін сатып алып отырады.

Мерей Бает, Елдар Байділдә