Елімізде астық экспорты артты
Еліміз ауыл шаруашылығы техникасы өндірісін арттыра түспек, деп хабарлайды 24kz.
Әрі дақылдар экспортын ұлғайтуды көздеп отыр. Бұл мақсатта саланы дамыту бойынша пәрменді шаралар қабылданды. Мәселен, аграрлық-өнеркәсіптік кешенді жеңілдікпен қаржыландыру көлемі өсіп, субсидиялау жүйесі реформалануда. Ауыл шаруашылығы техникасы өндірісі мен лизинг көлемі де артып келеді.
Жыл басынан бері астық экспорты едәуір өскен. Атап айтқанда, арпа, жасымық және жүгері тасымалының бірнеше есеге артқаны байқалады. Қазақстандық арпаны Иран соңғы екі айда сегіз есе өсіммен қайта импорттай бастады. 10 айда арпаның экспорттық тасымалы 710 мың тоннаны құрап, 69%-ке өсті. Сонымен қатар биыл Қазақстан Қытайға май өнімдерін экспорттау бойынша рекорд жаңартып, 250 млн долларға жеткізуді көздеп отыр.
Назгүл Хатипова, ҚР АШМ Аграрлық азық-түлік нарықтары және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу департаментінің директоры:
- Жалпы біздің астықтарның ең негізгі дәстүрлі түрде импорттайтын елдердің қатарына қазір Орталық Азия елдері, Өзбекстан Түркіменстан, Тәжікстан, сонымен қатар қазір Қытай нарығы да біздің астықты өте көп көлемде импорттайтын елдердің қатарына қосылып жатыр. Қазір жұмыс жүргізіліп жатыр, жаңа нарықтар, Еуропаға экспорттау бойынша. Жыл соңына дейін едәуір жоғары болады деген жоспар бар. Бидайдың ең көп көлемі 3,5 млн тоннаға жуығы Өзбекстанға кетеді.
Сондай-ақ ауыл шаруашылығы техникасы өндірісінің жылдық көлемі ұлғайды. Мәселен, қазір 263 млрд теңгені құрады. Келер жылы өндіріс қарқыны 300 млрд теңгеге дейін өседі деген болжам бар. Сонымен қатар машина жасайтын салалық 8 кәсіпорында трактор мен астық жинайтын комбайндар шығарылады. Яғни, қазірдің өзінде шаруалардың осы техникаға деген жылдық қажеттілігін толық қамтамасыз етіп отыр. Тағы 20-дан астам кәсіпорын тіркеме және аспалы ауылшаруашылық техникасы мен жабдықтарын шығарып, импортқа тәуелділікті азайтты.
Бақыт Ілиясов, ҚР АШМ Техникалық жарақтандыру басқармасының басшысы:
- 2017 жылы АШМ техникасын жаңарту 1,9% құрайтын, Қазір 23 жыл қорытындысы бойынша 4,5% артты. Бұл жеткіліксіз. Біз енді 10% көбейтуіміз керек. Осы бойынша министрлік тарапынан біраз жұмыс жасалып жатыр. Биыл маусым айынан бастап «Қазагроқаржы» арқылы 120 млрд теңгеге жеңілдетілген лизинг бағдарламасы іске асырылып отыр.
Сонымен қатар биыл отандық ауылшаруашылық техникасын сатып алатын шаруаларды субсидиялау туралы шешім қазірдің өзінде оң нәтиже беріп отыр. Сондықтан шетелдік өндірушілер де біздің нарыққа қызығушылық танытуда.
Авторы: Айнұр Қуатқызы