Премьер-министр сирек металдар саласын дамыту жөнінде кеңес өткізді

Қазақстан Үкіметінің басшысы Олжас Бектенов сирек кездесетін металдар саласын дамыту жөнінде кеңес өткізді. Жиын Президент Жолдауын жүзеге асыру аясында ұйымдастырылған. Бұл Қазақстанның әлемдік нарықтағы позициясын нығайтуға, технологиялар мен капитал тартуға, сондай-ақ жеткізу тізбегін кеңейтуге мүмкіндік береді.

Премьер-министр қазақстандық компаниялардың геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу, оның ішінде инвестицияларды одан әрі тарту үшін техникалық-экономикалық негіздемелерді әзірлеу бөлігіндегі әлеуетін атап өтті. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне «Бәйтерек» холдингімен бірлесіп, шикізат өндіруден бастап, терең өңделген өнім шығаруға дейінгі өндірістік тізбектің толық циклі бар кластер құру үшін модель әзірлеу тапсырылды. Сонымен қатар Ұлттық геологиялық қызмет базасында халықаралық аккредиттелген зертхана құру мәселесін пысықтау жүктелді. Бұл қазақстандық кәсіпорындарға жоғары әлемдік стандарттарға сәйкес болуға мүмкіндік береді.