Қызылорда облысында 575 бизнес жоба жүзеге асты
Биыл Қызылорда облысында Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 575 жоба жүзеге асырылды, деп хабарлайды 24KZ. Ауыл тұрғындарының бизнесте белсенділік танытуына жеңіл пайызды несие сеп болған. Оның бір парасы Бесарық ауылындағы өндірістік орталықта іске қосылды. Үкімет басшысы Олжас Бектенов өңірге сапарында аталған өнімдер желісімен танысты.
Аумағы мың шаршы метрлік өндіріс орталығы жеке шаруашылықтың демеушілігімен іске қосылды. Қандайда бір өндіріс ашу үшін ғимарат салу немесе жалға алу қажет болатыны белгілі. Ал мына орталықта бүгінде 13 бизнес жоба жүзеге асып отыр. Оның бірқатары «Ауыл аманаты» жобасы аясында іске қосылды. Қызылорда облысына жұмыс сапары барысында Үкімет басшысы Олжас Бектенов аталған өнімдер желісімен танысты. Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған «Ауыл аманаты» жобасы шеңберінде тұрмыс сапасын жақсарту жөніндегі тапсырмалардың орындалу барысын тексерді.
Гүлнар Дүкенбаева, кәсіпкер:
- «Ауыл аманаты» жобасымен 2,5%-пен несие алдық, осы кәсіпке. Мен бұл несиені осы кондитерлік өнімдер шығаратын цехты ұлғайтуға алдым. 15 түрлі зат шығады менде. Кекс өнімдері, торт өнімдері, бөлішкелер, лакомкалар шығады бізде.
Жартылай фабрикаттар, пластикалық ыдыстар, ағаштан жасалған бұйымдар, тоқыма, кондитер, сабын және басқа түрлі өнімдер өндіретін шағын цехтарда 25 жаңа жұмыс орны ашылған. Соның бірі – жұмыс қолғабын тоқитын цех. Мұнда күніне 250 дана қолғап дайындалады. Кәсіпкер 6 миллион теңге жеңіл пайызды несиеге арнайы қондырғылар сатып алған.
Самат Ақпанбетов, кәсіпкер:
- 2,5 миллионнан екі станокты 5 миллион теңгеге алдырдық. Сосын бір миллион теңгеге мақта жіп және сентетикалық маталар алдық. Қазіргі таңда қолғапқа сұраныс өте жоғары. Өйткені нарық бағасынан арзандатып беріп жатырмыз. Базар бағасы 200 теңгеден болса, бізде көтерме бағамен 120-125 теңгеге келіп отыр.
Ауылдың келбетіне тұрмысы сай болуы маңызды. Премьер-министр Бесарық ауылын дамыту тәжірибесін одан әрі кеңейту қажет екенін алға тартты.
Мұрат Сәрсенбаев, шаруа қожалық төрағасы:
- «Ауыл аманатына» байланысты осы жерден 12 кәсіпкерге нысан салып беріп, соның ішінде қазір пластикалық ыдыс шығару, нәски тоқу, қолғап, тағы басқа жартылай фабрикат және басқа өнімдерін шығаратын, сондай-ақ кафе, өзіміз фри зауытын қойдық. Фри зауытын қойғандағы мақсатымыз да келешек осы жерде картоп дақылын егіп, әрі қарай осы елді мекенде бизнесті дамытып, осы елде жұмыссыздықты азайтып, әрі қарай көптеген мақсатта жұмысымызды істеп жатырмыз.
Мұндай бизнес-инкубаторлар алдағы уақытта өңірдегі әр ауданның кемінде 3-4 ауылында ашылады. Айта кетейік, облыста биыл «Ауыл аманаты» жобасы аясында 575 жоба жүзеге асып, 610 жұмыс орны ашылған.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Байділдаев.