Шымкентте газбен жүретін көліктер саны 34,5% көбейді

Шымкентте автогазға деген сұраныс артып барады, деп хабарлайды 24KZ. Ішкі нарықты қамтамасыз етуге жоспарланған сұйытылған отын көлемі қажеттелікті өтеуге жеткіліксіз болып шықты. Салдарынан бекеттердің біразы жабылып, көлік жүргізушілері сұйытылған газ таппай сенделіп жүр. Бүгін кәсіпкерлік палатасында газ бөлу жүйесіндегі кемшіліктер мен саланы жетілдіру ісі талқыланды.

Қала аумағында 203 газ құю бекеті орналасқан. Бірақ сұйық отынның тапшылығынан көбінің жұмысы тоқтап, кейбірінде шекті мөлшерде саудаланып жатыр. Бірақ ішкі нарықтың қажеттілігі үшін қазан айында 5 мың тонна автогаз бөлінсе, қарашаға 6 мың тонна жоспарланған. Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің өкілдері салаға сыртқы талдау жүргізді. Мамандар сұйытылған мұнай газының тапшылығы қайдан туындағанын анықтады.

Санат Құлбаев, қалалық экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары:

- Шымкент қаласының айлық шығыны – 10 мың тонна. Бұл ретте қала аумағына ай сайын қосымша көлемде сұйытылған газ алу қажеттілігін туындатады. Себебі 2024 жылы Шымкент қаласы энергетика басқармасымен халық саны мен көлік саны бойынша қажет көлемдегі сұйытылған газдың көлемі берілмеген.

Полиция департаментінің дерегінше, тіркелген 463 мың автокөліктің 66 мыңнан астамы сұйытылған газбен жүреді. Соңғы 2 жылда арзандатылған жанармай түріне жабдықталған көлік құралдарының саны 34,5% өскен. Олардың сұранысын нарықтағы газ таратушы 38 субъект реттейді. Биыл бұл кәсіп иелерінің де бәсекелестік құқығы бұзылған.

Ернар Қосбаев, қалалық Бәсекелестікті қорғау және дамыту департаментінің басшысы:

- Оның себептерін анықтай келе, аталмыш мекемедегі газ құю стансылары басқаларға қарағанда көбірек болған. Бірақ оған қарамастан газ көлемі аз бөлінген. Сол себепті бөлу процесінде құқықбұзушылық белгілері бар деген қорытындыға келіп, қала әкімдігінің энергетика басқармасына хабарлама жолдағанбыз.

Биыл Шымкенттегі мұнай өңдеу зауытында 4 млн 687 мың тонна өнім өңделді. Сала мамандары да үшжақты жиынға қатысып, кәсіпорын өндірістік кестеге сәйкес толық қуатында жұмыс істеп тұрғанын жеткізді. Сонымен қатар ішкі нарықтағы автогаз сұранысын толық қамту үшін транзиттік көлік иелеріне коммерциялық баға белгілену керектігін ұсынды.

Айтбек Аухин, Шымкент мұнай өңдеу зауыты коммерциялық департаменті директорының м.а.:

- Неліктен өзбекстандық немесе ресейлік транзиттік көліктер әлеуметтік газды арзандатылған бағада пайдаланады? Оларға комменциялық бағамен ұсынылуы керек деп есептеймін. Себебі оның жүргізушілері Қазақстанда жанар-жағармай бағасы арзан екенін біледі. Сондықтан көбіне сағаттап кезекте тұрса да, осында сатып алуды құп көреді. Содан кейін ішкі нарықтың сұранысы өтелмей жатады.

Кәсіпкерлік палатасындағы бірлескен жиын соңында бірнеше ұсыныс әзірленді. Энергетика басқармасының өкілдері келесі жылы салалық министрлікке айына 10 мың тонна сұйытылған газға сұраныс бермек. Сонымен қатар ішкі нарыққа газ таратушы 38 субъектіге автогазды теңдей бөлу мәселесі қарастырылатын болды. Ал келесі отырыста кәсіпкерлердің ұсыныстырына талдау жүргізіледі. 

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов.