Оралда 150 кәсіпкердің құқығы қорғалды

Батыс Қазақстан облысында 150 кәсіпкердің құқығы қорғалды.

Бұл «Бизнеске жол» жобасы аясында мүмкін болды.  

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері мемлекеттік сатып алу саласына талдау жүргізіп, өрескел заң бұзушылықтар анықтады. Соның нәтижесінде 15 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Былтыр Дина Жанғалиева Оралдағы 30 мектепке турникеттер орнату бойынша тендерді жеңіп алған. Бірақ тапсырыс берушілер Төтенше жағдайлар департпментінен қосымша құжаттар сұратқан. Кәсіпкер құжаттың көптігі жұмысқа қолбайлау болғанын айтады. Амалы таусылған ол сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке жүгінуге мәжбүр болды. 

Дина Жанғалиева, кәсіпкер:

- Болған жағдайдың бәрін түсіндірдік. Келісімшартта мұндай құжаттар талап етілмеген. Құқығымыз бұзылғаны белгілі болды. Енді мәселе шешімін тапты.

Кәсіпкерлерге негізсіз кедергі келтіруді көздегендер мемлекеттік сатып алу саласында көп. Биыл облыстағы 150 кәсіпкердің құқығы қорғалды. 15 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды. 

Әділхан Сабыров, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы:

- Оралдағы номері бірінші мектеп заңсыз әрекетке барды деген шағым келіп түсті. Тапсырыс беруші тауарды жеткізбес бұрын алдын-ала келісуді сұраған. Тіпті өзінің жеке телефон нөмірін берген. Мұндай іс-әрекет құқықбұзушылық болып саналады.

Кәсіпкерлер мен инвесторлардың шағымына өңірлік кәсіпкерлер палатасы да бейжай қараған жоқ. Олар облыстық прокуратура және қаржы полициясымен бірлесіп жұмыс жүргізеді. 

Светлана Хисаметдинова, өңірлік кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары:

- Кәсіпкерлер палатасына өтініштер көп түседі. Біз мемлекеттік органдардың әрекеттеріне шағымданған жағдайларды айтқымыз келеді. Жыл басынан бері осындай 114 өтініш келіп түсті. Оның 67-сі оң шешім тапты. Кәсіпкерлердің құқығы қорғалып 38 млн теңге қайтарылды.

Жалпы өңірде 63 мың шағын және орта бизнес субъектісі тіркелген. Оның 58 мыңы жұмыс істеп тұр. 

Рүстем Қайратұлы, Альбина Құмаргалиева, Ербол Мендыгалиев, Болат Жарылғасов