Сербия кәсіпкерлері Қазақстан экономикасына қаржы құюға ниетті
Сербия кәсіпкерлері ел экономикасына қаржы құюға ниетті.
Бұл туралы Сербияда қазақстандық делегацияның қатысуымен өткен бизнес-форумда айтылды. Шараны қос елдің сауда, өнеркәсіп палаталары еліміздің Сербиядағы елшілігімен бірлесе ұйымдастырды. Жиында экономиканың түрлі салаларындағы 35-тен астам компания отандық серіктестермен кездесуге қызығушылық танытты. Делегация өкілдері серб кәсіпкерлеріне Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері мен көлік-логистикалық әлеуетін баяндады. Тараптар қос ел арасындағы сауда байланыстарын кеңейту қажеттігін атап өтті. Қос елдің сауда өнеркәсіп палаталары өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойып, іскерлік кеңес құруға уағдаласты. Былтыр өзара тауар айналымы 91 млн долларды құрады. Қазақстандық нарықта 40-тан астам сербиялық компания жұмыс істейді.
Мұрат Кәрімсақов, ҚР Сыртқы сауда палатасының басқарма төрағасы:
- Іскерлік кеңес Мемлекет басшысының Сербияға сапары қарсаңында ұйымдастырылып отыр. Сербияда қазір құрылыс, инфрақұрылымды дамыту үшін ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Сербия ауылшаруашылығы саласында да көшбасшы. Сондықтан қос елдің кәсіпкерлеріне бірнеше бағыт бойынша жобаларды жүзеге асыруға әлеует жоғары.
Михайло Весович, Сербия сауда-өнеркәсіп палатасының вице-президенті:
- Біз логистика, құрылыс, ауыл шаруашылығы сынды үш мәселеге басты назар аудардық. Ғылым және технология паркімен ынтымақтастық орнатып, болашақта сандық технология, жасанды интеллектті шағын және орта кәсіпкерлікке енгізу бойынша іскерлікті арттыруға ниеттіміз. Бұл форум инвестициялық байланысымызды тереңдетуге тың серпін берді.