Қазақстанда ауылшаруашылық техника өндірісі артты
Биыл елде астық экспорты мен ауылшаруашылық техникасының өндірісі артты, деп хабарлайды 24KZ. Айталық, ауыл шаруашылығы техникасын өндіру көлемі 263 млрд теңгеге жеткен. Келесі жылы көрсеткіш 300 млрд теңгеге дейін өседі деген болжам бар. Отандық өндіріс алға озған сайын шаруаларға техниканы жеңілдікпен алу мүмкіндігі де көбейді.
Жыл басынан бері елде 6 млн тонна астық экспортталса, оның ішінде қарақұмық экспорты 10 есе, жасымық 7 есе, бұршақ 3 есе және жүгері 2,5 есеге артқан. Сонымен қатар биыл Қазақстан Қытайға 250 млн долларға май өнімдерін экспорттамақ.
Назгүл Хатипова, ҚР АШМ Азық-түлік нарықтары және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу департаментінің директоры:
- Әлемдік нарықта сұраныс өте жоғары. Мысалы, Еуроодақ елдерінде қазір астық аз шығып жатқандықтан, олар сапалы астық өнімдерін сатып алуға мұқтаж. Ал бізде биыл астық мол әрі сапалы шықты. Сондықтан осы елдер біздің өнімдерге қызығушылық танытып отыр. Ал Қазақстан астық экспорттайтын негізгі елдер, ең алдымен, Орталық Азия елдері. Сол секілді Ауғанстан мен Иран, Қытай мемлекеттеріне де үлкен көлемде астық шығарылады.
Сондай-ақ биыл ауыл шаруашылығы техникаларын 5%-тік мөлшерлемемен сатып алу бағдарламасы іске қосылды. Лизинг мерзімі 7 жылға дейін. Ауылшаруашылық техникасына лизингтің мұндай деңгейде жеңілдетілуі биыл алғаш рет. Соның арқасында болар, осы жылы лизинг көлемі 50%-ке артқан. Бағдарлама іске қосылған маусым айынан бастап 9500 бірлік техника берілді.
Бақыт Ілиясов, ҚР АШМ техникалық жарақтандыру басқармасының басшысы:
- Бұл – ең перспективалы бағдарлама. Қаржыландыру сомасы биыл 120 млрд теңгені құрайды. Алдағы 2025 жылы бұл көрсеткіш 200 миллиардқа өспек. Ал одан кейінгі жылдары министрлік қаржыландыру сомасын 450 млрд теңгеге дейін жеткізуді жоспарлап отыр.
Мемлекет басшысы министрлікке 2030 жылға дейін ауылшаруашылық техникасы деңгейін 10%-ке дейін арттыруды міндеттеді. Қазір елде трактор мен комбайн өндіретін 8 ірі кәсіпорын жұмыс істейді. Сондықтан жыл соңына дейін ауыл шаруашылық техникасы паркінің 5,5%-і толығады деген болжам бар.
Авторы: Мөлдір Молдағали.