Цифрлық теңге халықаралық төлемдерді жеңілдетеді
Бұдан былай Ұлттық қордан бөлінетін әр тиынның қайда, қалай жұмсалатынын қадағалауға болады, деп хабарлайды 24KZ. Ауыл шаруашылығын дамытуға бөлінетін субсидия не мемлекеттік бағдарламаны іске асыруға қарастырылған қаржының ізін анықтайтын құрал бар. Ол – цифрлық теңге. Айта кететіні, бұл үлгідегі валюта халықаралық ақша айналымын жеңілдетпек. Төл теңгеміздің блокчейн технологиясына негізделген жаңа түрі тағы қандай артықшылыққа ие? Цифрлық теңге толық айналымға енуі қандай өзгеріс әкеледі?
Қазір айналымда 40 млрд цифрлық теңге бар. Бұл қаражат түрлі инфрақұрылымдық жобаларға құйылып жатыр. «Жыл соңына дейін цифрлық ақша көлемі 200 млрд теңгеге жетеді», – дейді жоба жетекшілері.
Айбар Олжай, сарапшы:
- 200 млрд теңгенің барлығы ол, мысалы, ауыл шаруашылығына субсидия. Сол субсидия қайда кетеді? Шынымен де, ол тиімділігін көрсетіп жатыр ма? Цифрлы теңге осындай Big Data технологиясы арқылы көруге мүмкіндік береді эффектісін. Екіншіден, үлкен инфрақұрылымдық құрылыс жобалары. Үлкен бір жобаға ақша келді дейік. Оның барлығы цирлы теңге түрінде жүретін болады кейін. Сол кезде әр теңгенің эффектісі болды ма? Соны біз қарай аламыз.
Ұлттық қордан бөлінген қаражат автоматты түрде цифрлық теңгеге айналады. Мамандар: «Осылайша экономиканы көлеңкеден шығаруға болады», – дейді. Яғни, салықтан жалтару тоқтап, бюджет қаражатын талан-таражға салу тыйылады деген сөз. Дегенмен Ұлттық банк цифрлық теңгені жаңа мақсатта қолдануды көздеп отыр.
Бинұр Жаленов, Қазақстан Ұлттық банкі төрағасының кеңесшісі:
- Қолға алған жобамыздың бірі – халықаралық төлемдер. Бүгінде басқа елге қаражат жіберу үшін 2-3 күнге дейін уақыт кетеді. Ал комиссиясы – 6-7%. Цифрлық теңгені шетелдік валюталармен интеграциялаудың нәтижесінде транзакциялардың құны мен алатын уақыты қысқарады. Бүгінде Біріккен Араб Әмірліктері мен Қытай Халық Республикасының орталық банктерімен келісімге келдік. Халықаралық есеп айырысу банкінің жобаларына да белсенді араласып жатырмыз.
Одан бөлек, жоба цифрлық активтерді сатып алудың қауіпсіз жолын ұсынып отыр. Қазір көпшілік криптовалюталар саудасына қызығады. Дәл осы цифрлық теңге бұл алыс берісті жеңілдетіп, алаяқтардың арбауына түсуден қорғамақ.
Авторлары: Серік Селеубайұлы, Абдулхамит Бөлекбаев.