Сүт өңдеу саласына ₸300 млн субсидия бөлінді
Абай облысында «Ауыл аманаты» жобасы аясында өз ісін бастаған тұрғындар 2 миллиард теңге қаржылай қолдауға ие болды, деп хабарлайды 24KZ. Осылайша, кәсіп иелерінің ықпалымен ауыл-аймақта 300-ге жуық жұмыс орны ашылды. Мысалы, Жезкент ауылындағы шағын цех айына 30 тонна сүт қабылдайды. Кәсіпорын бүтін бір ауданмен қоса Семей, Өскемен қалаларын сүт өнімдерімен қамтып отыр.
Владимир Городецкий басқаратын сүт өңдейтін цех 24 жыл бұрын ашылған. Сол уақыттан бері үздіксіз жұмыс істеп келеді. Ірімшік, қаймақ, сүзбе жасап, май шығарады.
Владимир Городецкий, кәсіпкер:
- Ірімшіктің жаңа түрін жасауды көздейміз. Біздің өнім табиғи. Жалпы сүт өңдеу саласы тиянақтылықты талап етеді. Бәрі талапқа сай таза күйде жасалуы керек. Сол кезде сұраныс жоғары болады.
Енді ауыл тұрғындары сүтті қалаға тасып сабылмайды. Іргелерінде тұрған шағын өндіріске өткізеді. Цех бір ауысымда 90 ауладан сүт жинайды. Кәсіпорында 7 адам еңбек етеді.
Марина Гук, технолог:
- Біз тек сапалы әрі табиғи сүтті қабылдаймыз. Ешқандай химиялық қоспалар пайдаланбаймыз. Сүтті әкелген уақытта тексеріп аламыз. Талапқа сай келмейтін болса, қайтарып жібереміз.
Жалпы Абай облысында сүт өңдейтін 6 кәсіпорын бар. Олар жылына 17 мың тонна сүт өндіреді. Ал облыс тұтынатын көлем 27 мың тоннаға тең. Сол себепті биыл осы салаға 300 млн теңге субсидия бөлінді.
Қуаныш Дулат, мал шаруашылығын дамыту және субсидиялау бөлімінің басшысы:
- Сонымен қатар, сүт өндірісі бағытын субсидиялау қарастырылған. Аталған бағыт асылтұқымды мал шаруашылығын дамыту мал шаруашылығының өнімділігін арттыру қағидалары шеңберінде жүзеге асыралады. Ағымдағы жылы бұл бағыт бойынша төрт жүз де төрт млн теңге бөлінді.
«Ауыл аманаты» бағдарламасы асында шаруалар 2,5% жеңілдетілген несие алу мүмкіндігіне ие. Жезкенттегі кәсіпкер мемлекеттің қаржылай қолдауы арқасында өндіріс қуатын арттыруды жоспарлайды.
Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Медет Өмірханов.