Қазақстанда электромобильдің болашағы қандай?
Елде электромобильдердің қиындықсыз жүріп-тұруы үшін тиісті инфрақұрылым жасалып жатыр ма?
Шынында, елде электр көліктеріне деген сұраныс жыл сайын артып жатыр. Әлемде бұл көліктер сатылымы бойынша бірінші орынға шыққан.
Ал біздің елде олар қаншалықты таралған? Қазір 11 706 электр көлігі бар. Оның 11 300-і – жеңіл көлік, 328-і – жүк көлігі. Ал қалған 78 бірлігі – автобустар. Электр көліктерінің бұлай көбеюі оларға қажет инфрақұрылымды дамытуға екпін берді. Қазір қалада да, далада да осы көліктерді қуаттау стансылары салынып жатыр. Көлік министрлігі әсіресе республикалық маңыздағы тасжолдарға көбірек көңіл бөліп отыр.
Ләззат Стамғазиева, ҚР КӨлік министрлігінің ресми өкілі:
- Көбінесе осы электромобильдерді зарядтауға мүмкіндік беретін нүктелер Алматы-Астана тасжолында, Алматы-Астананың бір бөлігі болып келетін Қарағанды-Балқаш тасжолында және де оңтүстік, яғни Астана мен Шымкенттің арасында, Астана мен Алматының расында және мына оңтүстіктің өзіндегі жолдарда өтке көп болашақта салынады. Себебі бұл жолдардың қарқындылығы және сұраныс өте көп. Сондықтан осы жолдарда пайда болады деген болжам бар.
Электр көлігінің саны бойынша мегаполистер алдыңғы орында тұр. Ұлттық статистика бюросының есебі бойынша электромобильдердің ең көбі Алматы қаласында 6700-ден асады. Одан кейін Астана, Алматы облысы және Шымкент қалалары тіркелді. Сондықтан осы аймақтарда қуаттау стансыларын көбейту де маңызды. Кәсіпкерлер бұл сатнциялар құрылысына 1 млрд теңгеден қаржы салуға ниетті.
«Электрмен қуаттандыру стансыларын қызмет көрсету нысандарымен бірге салу жоспарланып отыр. Оның ішінде қоғамдық тамақтану нысандары, вендингтік аппараттар, күту аймақтары, санитарлық үй-жайлар және басқа да ілеспе сервистермен қатар салу жоспарланған. Қуаттандыру стансылары тұрғындар көп баратын жерлерде тұрғызылады. Барлық стансылар отандық өнімдермен, заманауи құрылғылармен жабдықталады. Сондай-ақ электромобильдерді жылдам қуаттандыратын жабдықтарды орнатуға және халық жиі қолданатын төлем әдістерін енгізуге баса көңіл бөлінеді», – «Astana» ӘКК» АҚ баспасөз қызметі.
Бұл көліктерді қуаттау мәселесіне келгенде жауапкершілік біршама артады. Себебі оның өз талаптары мен ережелері бар. Айталық, «120 шаршы метр аумақта 10 көліктен артық тұруға болмайды», – дейді төтенше жағдайлар министрлігі өкілдері. Ескермеген жағдайда өрт шығу қаупі бар.
Аспандияр Сапарғалиев, ҚР ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитетінің бас маманы:
- Электромобильдің аса қауіптілігі, ол жанған кезде сөндіру үшін көп су қажет болады. Батареясы жанған кезде астында орналасқандықтан, соған жету қиындық тудырады. Одан кейін оттың жалыны 1 метрден 4 метрге дейін жетеді.
Сол секілді электромобильдердің көбею қарқыны энергия тапшылығын тудырмай ма деген де сұрақ бар. Энергетика сарапшыларының айтуынша, қазір елде 5 млн 600 мыңнан аса көлік бар болса, соның тек 3%-і ғана осы электр көліктерінің үлесіне тиеді екен. Сондықтан жақын арада мұндай тапшылық сезілмейді. Энергетикалық жүйеге әсері тек көліктердің үлесі 30%-тен асқан жағдайда ғана байқалуы мүмкін.