Павлодар облысы мен Ресей арасында тауар айналымы өсті
Павлодар облысы мен Ресей арасындағы сауда айналымы биыл 1,6 млрд долларға жеткен.
Көрші елден бізге көліктің қосалқы бөлшектері, металургиялық, химиялық және құрылыс заттары тасымалданады. Ал Ресейге облыстан алюминий тотығы, ферроқорытпалар, метал құбырлар және кабель экспортталады.
Павлодар облысында байланыс кабелінің бірнеше түрі шығарылады. Отандық тауарға Ресейліктер тарапынан сұраныс көп. Аймақ экономикасы үшін маңызды кәсіпорын көршілес елден бөлек, Еуропа нарығына да шыққан.
Дмитрий Цымбал, зауыттың бас директоры:
- Кейінгі бір жарым жылда өндіріс көлемін арттырып, жаңа нарыққа шықтық. Яғни, тауар жеткізудің географиялық ауқымын ұлғайттық. Қазір Әзірбайжан, Грузия сынды еуропа елдері Қазақстандық өнімді пайдаланып, біздің тұтынушымыз бола бастады.
Зауыттағылар алюминий мен мысты отандық өндірушілерден алады. Ал, пластикат пен полиэтиленді Ресейден тасымалдайды. Екі елдің шикізатын қосу арқылы жоғары сапалы өнім жасайды. Мұндай өзара ынтымақтастық енді арта түспек. Себебі аймақта жоғары кернеулі кабель шығаратын бірлескен кәсіпорын ашылғалы жатыр. Нысан іске қосылғанда метал өңдеу 50 пайызға көбейеді.
Дмитрий Цымбал, зауыттың бас директоры:
- Бүгінгі күні біз 15 мың тонна алюминий мен екі мың тоннадай мыс өңдейміз. Бір жылдан соң 3,5-4 мың тонна мыс өңдеп, елеулі өсімге қол жеткізіп, жаңа белесті бағындыруды көздеп отырмыз.
Межеге жету үшін зауытты жаңа қондырғылармен жабдықтау жоспарланып отыр. Соның нәтижесінде экспортталатын тауар түрі көбейтіліп, әлемдік нарықтағы Қазақстандық өнімнің үлесі арттады.
Владимир Вернер, зауыттың техникалық директоры:
- Біз жұмысты бастағанда кабельдің әртүрлі өлшемдегі екі мың түрін шығаратынбыз. Қазір бұл көрсеткіш 20-25 мыңға жетті. Кәсіпорын алюминийден де өнім жасайды.
Отандық алюминий кластеріне кіретін кәсіпорында Қазақстан Электролиз зауытының «Қанатты металы» өңделеді. Бұл шетелге шығарылатын тауар көлемінің артуына ықпал етті. Мұндай үрдіс аймақтағы өзге кәсіпорындарда да байқалады.
Дархан Ермағанбетов, облыстық индустриалды инновациялық даму және кәсіпкерлік басқармасының басшысы:
- Павлодар облысының көршілес елдермен тауар айналымы жыл сайын артып келеді. Қазір алыс-беріс көлемі 4,5-5 млрд долларға жетті. Соның үштен бір бөлігі яғни 1,6 млрд доллары Ресеймен жасалған сауда саттық нәтижесі. Ал биыл бұл көрсеткіш 1,2 млрд долларға жетті.
Павлодар облысында 800-ден аса Қазақстан-Ресей азаматтарының бірлесе ашқан зауыты жұмыс істеп тұр. Кәсіпорындарда теміржол вагондары және көліктің дөңгелектері сынды тауардың бірнеше түрі шығарылып, аймақ дамуына ықпал етіп тұр.
Шыңғыс Қалиден, Ербол Әбішев, Даулет Қошқарбаев, Марат Игіліков