Маңғыстау облысында 7 кәсіпкер қайтарымсыз грант ұтты

Маңғыстау облысында 7 іскер азамат «Бір ауыл – бір өнім» жобасы аясында 5 млн теңге көлемінде грант ұтты, деп хабарлайды 24KZ. Мемлекеттен берілетін қайтарымсыз қаржыны кәсіпкерлер өндіріс орнына қажетті құрал-жабдығын алып, инфрақұрылым жүргізуге жарата алады. Осылайша, ауылдық елді мекендерде ашылған өнеркәсіп нысандарының қуатын артыру жоспарланған.

Мұнайлы ауданы Маңғыстау ауылының тұрғыны Нұрқия Бекниязова 35 сотық жерде 5 жылыжай тұрғызған. Тамшылатып суару әдісімен айына 1 тонна бақша дақылын өсіріп, жергілікті нарыққа шығарады. «Әсіресе руккола, шпинат, салат, аскөкке сұраныс жоғары. Жылыжай жұмысы жазда қызады. Қыс айларында сол қарқында жалғастыру үшін жылу жүйесін жүргізу қажет. «Мемлекеттен алған қайтарымсыз қаржыны соған жұмсаймын», – дейді іскер әйел.

Нұрқия Бекниязова, Маңғыстау ауылының тұрғыны:

- Бұйырса, осы бес жылыжайға қазандық аламыз. Сосын гидропоника мен «микрозеленьге» құрал-жабдық аламыз. Соған жоспарлап отырмыз. Жұмысшыларымыз бар ия, екі адам жұмыс жасайды. Тағы да төрт адам алғымыз келіп отыр. Қазандық қойсақ, өніміміз де, Үкіметке төлейтін салығымыз да көбейеді. Сол себептен жазда алған табысымызды қыста да түсірмейміз деп ойлаймын.

«Бір ауыл – бір өнім» жобасы өткен ғасырдың 70-ші жылдары жапон елінен  бастау алған. Бүтін бір ауыл немесе сол елді мекенде тұратын бір кәсіпкердің бәсекеге қабілетті өнім шығаруына мемлекет қолдау көрсетеді. Елімізде 2022 жылдан бастап Ақмола, Қостанай, батыс Қазақстан және Маңғыстау облысында пилоттық жоба түрінде қолға алынды. Қазір барлық өңірде бар. Бір ғана Маңғыстаудың бес ауданында тұрғындар ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және қолөнер саласында өз кәсібін дөңгелетіп отыр.

Шаттық Дүйсенбаева, Сарға ауылының тұрғыны:

- Текемет басудың барлығы жуып-тазалап, сабаумен сабауы біраз уақыт алады. Сондықтан осы жеңген грантқа сол жүнді түтетін аппарат алу мақсатында, сосын оны пайдаланған жағдайда уақытымызды үнемдеп, тез болу жағынан мақсатты қолданамыз, бұйырса.

Рашид Мұстапаев, облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры:

- «Мен кәсіпкер» деген үлкен ұлттық бағдарлама бар. Екі бағытқа бөлінеді. Біреуі «Кәсіпке бағыт» деген, сосын «Әйелдің кәсібін дамыту» деген орталық. Соның ішінде «Бір ауыл – бір өнім» жобасы бар. Ұлттық министрліктің жобасы бойынша біздер, Маңғыстау, бірінші орындамыз. Өздерің білесіңдер, мына Қарақия ауданында үлкен орталық ашылып, сол орталықтың арқасында 33 кәсіпкер әйел үлкен іспен айналысып жатыр. Қолөнер шеберлерімен.

Ауылдағы кәсіпкерлік саланы дамытуды көздейтін жоба Қазақстанда 2026 жылға дейін жалғасады. Бұған дейін бұл бағдарламаға Маңғыстау облысының әкімдігінен 100 млн теңге бөлінді. Келер жылға да осынша қаржы қарастырылған.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев.