Биыл СҚО-ның ауыл шаруашылығы саласында ₸800 млрд өнімі өндірілді
Солтүстік Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы саласында жыл басынан бері 800 млрд теңгенің өнімі өндірілді, деп хабарлайды 24kz.
Өңірде жыл сайын заманауи тауарлы-сүт фермалары іске қосылып, асылтұқымды мал басы артып келеді. Бұл өз кезегінде қайта өңдеу саласын жаңа деңгейге көтерді.
Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:
- Солтүстік Қазақстан облысындағы заманауи тауарлы-сүт ферманың бірі Корнеевка ауылында ашылды. Оның құрылысы мен асылтұқымды мал алуға 12 млрд теңге жұмсалды. Қаржының бір бөлігі мемлекеттік бағдарлама бойынша берілді. Кешен толық автоматтандырылған. Енді мұнда жылына 7,5 мың тонна сүт өндіріледі.
Александр Фадеев, шаруашылық директоры:
- Бүгінгі таңда шаруашылыққа Дания мен Германия елдерінен 730 бас асылтұқымды мал әкелінді. Ірі қараның голштин тұқымын таңдадық. Өйткені өнімділігі өте жоғары. Әрі солтүстіктің суығына тез бейімделеді.
Қазір өңірде дәл осындай 42 заманауи тауарлы-сүт фермасы жұмыс істейді. Бұл қайта өңдеу кәсіпорындарын сапалы шикізатпен қамтамасыз етіп, сүт өндірісіне тың серпін берді. «Мал шаруашылығының дамуы ең алдымен ауыл тұрғындарын жыл бойы жұмыспен қамтуға жол ашты», - дейді мамандар.
Талғат Наурызбаев, Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:
- Қазіргі таңда біздің облысымызда 19 сүт фермасы салынып жатыр. Соның ішінде 11 сүт фермасын біз енгіздік. Енді биыл біз осы сүт фермаларына 2500 мың бастан артық асылтұқымды сиырларды әкелдік. Қазір олардан өнім алып жатырмыз.
Өңірде өнеркәсіп саласы да өрге басып келеді. Осы жылдың он айында жергілікті кәсіпорындар 550 млрд теңгенің өнімін шығарды. Петропавлда іске қосылған соңғы жобалардың бірі – ағаш өңдеу фабрикасы.
Оғызхан Челик, ағаш өңдеу фабрикасының директоры:
- Инвестициямыз қазір бірінші зауытымызда 5 млрд теңге болды, қазір 8 млрд теңге. Аймағымызда 13 млрд теңге инвестициямыз болған. Компаниямызда қазір 400-450 адамдай жұмыс істеп жатыр.
Бұл фабрика «Қызылжар» арнайы экономикалық аймағында ашылды. Қазір мұнда 20 кәсіпорын жұмыс істеп жатыр. Солардың бірі – комбайн зауыты. Биыл өндіріс орнында 500-ден аса түрлі ауыл шаруашылығы техникасы құрастырылады.
Азамат Шаймерденов, Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары:
- Сонымен қатар инвесторлар құрылыс материалдарын, құбыр, көтергіш көлік жабдықтары мен ұзақ сақталатын нан-тоқаш өнімдерін шығаруды жоспарлап отыр. Бұл жерде жұмыс істейтін кәсіпкерлер салықтан босатылады. Сонымен қатар оларға мемлекет есебінен инфрақұрылым тартылады.
Ал, енді өңір дамуының негізгі көрсеткіштеріне тоқталсақ: жыл басынан бері облыс экномикасына 370 млрд теңге инвестиция тартылды. Экономикалық өсім – 16,5%. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда тұрғын үй құрылысы – 30,2%, ауыл шаруашылығы 30,2%, инвестиция – 9,4%, бөлшек сауда 1,2% өсті.
Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Төлеген Иманов