Солтүстік Қазақстанда 6,2 млн тонна астық жиналды
Биыл солтүстікқазақстандық егіншілер 6,2 млн тоннадан астам астық жинады, деп хабарлайды 24KZ. Олар әр гектардан 18,6 центнерден өнім алды. Бұл он жылдағы ең жоғары көрсеткіш. Бұл жайлы облыс әкімі Ғауез Нұрмұхаметов мәлімдеді.
Сондай-ақ аймақ басшысы агросекторды қолдау шараларына да тоқталды. Меселен, биылғы егін маусымына 55 мың тонна жеңілдетілген дизель отыны берілген. Бұған қоса 256 мың тонна тыңайтқыш дайындалған. «Сонымен қатар өңірде мал шаруашылығы да өркен жайып келеді», – деді облыс әкімі
Ғауез Нұрмұхаметов, СҚО әкімі:
- Өңірдегі мал шаруашылығы саласы да жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп отыр. Президент тапсырмасымен СҚО-ның сүт фермалары тәжірибесі бүкіл ел бойынша таратылып жатыр. Өткен жылы республикалық бюджеттен заманауи цифрлық сүт фермаларын салуға 17 миллиард теңге бөлінді. Қазіргі таңда 19 ферма жобасының 11-і аяқталып, іске қосылды.