Мәжіліс Бюджет кодексін мақұлдады
Бұдан былай Ұлттық қор қаражаты тек өндіріске және елді мекендердің өмірлік маңызы бар инфрақұрылымына жұмсалады, деп хабарлайды 24KZ. «Самұрық-Қазына» қорының кем дегенде 50% табысы, ал квазимемлекеттік компаниялардың 70% кірісі бюджетке аударылады. Бұрын Үкімет қаулысымен бекітіліп жүрген норма бүгінде кодекске енгізіліп отыр. Осылайша, Мәжіліс жаңа Бюджет кодексін екінші оқылымда бірауыздан мақұлдап, Сенат қарауына жолдады.
Енді республикалық бюджетке енгізілетін барлық түзету Парламентке ұдайы хабарланып отырады. Квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметіне палата бақылауы күшейеді. Бюджет жобасын талқылау кезінде тараптардың ұстанымы ашық режимде тыңдалады.
Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:
- Біз Бюджет кодексін бір жыл бойы қарадық. Кодекс Парламентпен қатар өңірлерде де әртүрлі пікірталас алаңдарында егжей-тегжейлі талқыланды. Оған сарапшылар қауымдастығы кеңінен тартылды. Осы орайда жұмыс тобына, депутаттарға, мемлекеттік органдарға бірлесе атқарған жемісті жұмыс үшін алғыс айтқым келеді. Енді осы нормалардың барлығы дұрыс қолданылып, бюджет саясатын жақсартуға септігін тигізуге тиіс. Сонымен қатар тұрақты экономикалық өсім мен әлеуметтік әділеттілікке қол жеткізуге негіз болуы қажет деп сенемін.