Прокурорлар 561 инвесторға қолдау көрсетті
Прокурорлар бизнесті қолдауға күш салып отыр. Яғни, кәсібін кеңейтіп, өндіріс әлеуетін арттырамын деген кәсіпкерлерді бюрократиялық кедергілерден қорғайды. Сонымен қатар шетелдік инвесторлардың қағазбастылыққа ұрынбауын назарда ұстайды. Мәселен, жыл басынан бері 800-ден астам инвестициялық жобаға қолдау көрсетіп, оларға қатысты мемлекеттік органдар шешімдерін тексеріп шықты.
Иә, қазір прокурорлық сүзгі деп аталатын тетік іске қосылды. Бұл сүзгі мемлекеттік мекемелер шешімдерінің заңдылығын сараптайды.
Биыл 81 мың кәсіпкердің құқығы қорғалды
Елдегі инвестициялық ахуалды жақсартуға прокуратура органдары да айтарлықтай үлес қосып отыр. Мәселен, қазір прокурордың келісімін алмай ешкімнің инвесторды тексеруіне құқы жоқ. Осы уақытқа дейін прокурорлар 900-ге жуық заңсыз тексерудің, 6500-ден аса тыйым салу және шектеу шарасының алдын алды. Бұл ағаттыққа жол берген 861 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке, 132 адам әкімшілік жазаға тартылды. Нәтижесінде 81 мың кәсіпкердің құқығы қорғалды.
Кәсіпкерлер мобильді топтарға жиі жүгінеді
Кәсіпкерлер прокуратура органдарының мобильді топтарына жиі жүгінеді. Жыл басынан 2036 кәсіпкер көмек сұрады. Тексеріс барысында олар жазған әрбір үшінші арыз бойынша кәсіпкер құқығы бұзылғаны белгілі болды. Бүгінгі таңда прокурорлар 561 инвесторға қолдау көрсетті. Яғни, инвестиция құны 9,5 трлн теңге болатын 414 проблемалық кейсті шешуге ықпал етті. Бұл бойынша 185 қадағалау актісін енгізді. Сондай-ақ соттың 4 шешімі мен мемлекеттік органдардың 53 актісінің күшін жойды. Барлығы 107 адам жазаланды.
Прокурорлар бұл заңбұзушылықтарды «прокурорлық сүзгі» іс-шарасы аясында анықтап отыр. Яғни, мемлекеттік органдардың шешімдерін прокурорлар тексереді.
«Прокурордың келісімінсіз ешқандай мемлекеттік органның инвесторды тексеруге, әкімшілік жауапкершілікке тартуға, қызметін тоқтатуға, лицензиясын қайтарып алуға, келісімшартты біржақты бұзуға және талап қоюға құқығы жоқ. Бүгінгі күні Ұлттық цифрлық инвестициялық платформа мен Бас прокуратураның Құқықтық статистика жөніндегі комитетінің жүйелеріне цифрлы форматта «прокурорлық сүзгі» енгізілген. Яғни, инвесторларға қатысты барлық мемлекеттік органның шешімдері бірден прокурорға түседі. Бұл мемлекеттік органдар шешімдерінің уақытылы қабылдануын қамтамасыз етеді. Аталған жұмыс кейінгі бір жарым жыл бойы жүргізіліп келеді және оң нәтижелер беріп отыр» — Берік Асылов, ҚР Бас прокуроры.
800-ден астам инвестициялық жобаға қолдау көрсетті
Бүгінгі күнге дейін прокуратура әлемнің 27 елінен тартылған 800-ден астам инвестициялық жобаға қолдау көрсетіп отыр. Бұлардың ішінде 769 жоба Жалпыұлттық пулға кіреді. Сондай-ақ энергетика, туризм, тамақ өнеркәсібі, машина жасау, медицина, ауыл шаруашылығы және көлік-логистика салалары бойынша 70 ірі жоба бар. Өңірлерде фронт-офистер жұмыс істейді. Соның арқасында прокурорлар инвесторлармен күнделікті кездеседі, олардың арыз-шағымдарын қарайды. Осы уақытқа дейін 600-ге жуық инвестордың мәселесі шешілді. Бұл инвесторлар ел экономикасына 10 трлн теңгеге жуық қаржы салып отыр.
Бизнесті тексеру 6,5 есе азайды
Бақылаушы органдар тарапынан бизнеске түсетін салмақты азайту туралы Мемлекет басшысының экономиканы ырықтандыру жөніндегі тапсырмасында да айтылған. Қазіргі уақытта жоспарлы тексерулер азайды. 10 жыл ішінде 6,5 есе азайды. Яғни, 319 мыңнан 48 мыңға дейін кеміді. Бүгінде прокурорлар бизнес өкілдерімен тығыз байланыс орнатып отыр. «Бұл өз кезегінде кемшіліктерді дер уақытында анықтауға мүмкіндік береді», – дейді елдің Бас прокуроры Берік Асылов.
«Атамекен» кәсіпкерлер палатасы және депутаттық корпуспен бірге тұрақты түрде бизнес-форумдар өткізіледі. Форумдарда бизнес үшін маңызды мәселелер көтеріліп, оларды шешу жолдары қаралады. Тек осы жылдың өзінде 40-тан астам мәселе шешімін тапты. Мысалы, Ауыл шаруашылығы министрлігі 2022 жылдан бастап субсидия беруге негіз болған ауыл шаруашылығы техникасының шекті құны туралы мәліметтерді жаңартпаған. Салдарынан шаруалар өздерінің шығындарына болмашы ғана төлемдер алып отырған. Біздің бастамамыз бойынша шаруалар пайдаланатын ауыл шаруашылығы техникасының 58 түріне шекті баға қайта қаралды» — Берік Асылов, ҚР Бас прокуроры.
Құны ₸83,2 млрд болатын мүлік мемлекетке қайтарылды
Жалпы биылғы жылдың 10 айында прокуратура тарапынан әлеуметтік-экономикалық салада 11 мыңнан астам тексеріс жүргізілді. Нәтижесінде 39 мыңға жуық заңбұзушылық жойылды. 44 мыңнан астам адам жауапкершілікке тартылды. Осылайша, бюджетке құны 83 млрд теңге болатын мүлік қайтарылды. Бұлардың басым бөлігі – заңсыз берілген және қолданылмай жатқан жерлер.