Ақтау порты базасында контейнерлік хаб салынады

10 айда «Транскаспий халықаралық көлік бағдары» дәлізі бойынша тасымалдау 68%-ға, ал контейнерлік тасымалдау 2,7 есе артқан.

Бұл туралы Олжас Бектеновтің қатысуымен өткен экономиканы әртараптандыруды күшейту және өңірдің көлік-логистикалық, туристік әлеуетін ашу жөніндегі кеңесте айтылды. Жоспарға сай республикалық маңызы бар ұзындығы 680 шақырымды құрайтын автожолдар учаскелерін реконструкциялау көзделеді. Сондай-ақ Ақтау порты базасында контейнерлік хаб салынады. Бұған инвесторларды тарту маңызды. Жиында көлік министрі Марат Қарабаев теміржол көлігімен 2,3 млн, теңіз жолымен - 6,3 млн тонна жүк тасымалданғанын айтты. Бұл былтырғыдан 3%-ға артық. Премьер-министр Маңғыстау облысында авиациялық хабты дамытуды тапсырды. Көлік министрлігі мен Энергетика министрлігі және "ҚазМұнайГаз" бірігіп, өңірге авиаотынды тікелей жеткізуге міндеттелді. Жаңа бағыттар бойынша субсидияланатын ішкі авиарейстерді ұлғайту да сөз болды. Өңірдің өңдеу өнеркәсібі де назарда. Қазір бұл бағытта 17 мың адам еңбек етеді. Өнеркәсіп және құрылыс министрі 1,5 трлн теңге болатын 19 әлеуетті жоба пысықталып жатқанын мәлімдеді. Ал энергетика саласында "МАЭК-ті жаңғырту міндеті қойылды. Маңғыстау облысын жағажай туризмінің халықаралық орталығы ретінде ұзақ мерзімді дамытуға бағытталған кешенді жоспар аясында алдағы 5 жылда жеке инвестиция есебінен 165 млрд теңгеге 64 іс-шара жүзеге асады.