Тұрғындар табысының басым бөлігі ипотекаға жұмсалады

Халықты баспанамен қамту мәселесі қазір өте өзекті.

Ипотеканың шарттары да тұрақсыз, мың құбылады. Тақырыпты одан әрі тарқату үшін студиямызға шолушы Бекзат Аманов келіп отыр. Бекзат, кеш жарық. Бейнематериалыңызда мұқтаж жандарға көрсетілетін көмекте қозғалыс бар екенін көрдік. Бірақ нарықтың жайы не болып жатыр? Кезек тізімінен тыс қалған азаматтар қалай үйлі бола алады?

Шынымен, кейінгі 1-2 аптада нарық түрлене түсті. Өздеріңіз білесіздер, доллар қымбаттады, Ұлттық банк базалық мөлшерлеме өсірді. Мұның бәрі тұрғын-үй саласына әсер етпей қоймайтыны түсінікті. Әсіресе АҚШ валютасының құны өскеннен кейін, баспанаға сұраныс күрт артқан. Krisha.kz сайты өкілдерінің айтуынша, азаматтар үй қымбаттап кетеді деп жаппай жиған-тергенін жылжымайтын мүлікке салып жатқан көрінеді. Оған қоса құрылыс компаниялары баспанаға баға қоса бастағаны байқалады. Жалпы бұл саладағы мамандар нарықтағы тұрақсыздық туралы жиі айта бастады. Осындай ала-құла уақытта негізгі статистикаларды жіпке тізген жөн болар.

Бейнематериалымызда банктердің пайызы жоғары екенін айттық. Енді Курсив порталындағы әріптестеріміз қызық зерттеу жүргізген екен. Олардың айтуынша, отандастарымыз табысының басым бөлігін ипотека төлеуге жұмсайды. Бұл тізімде бірінші орында Алматы облысының тұрғындары тұр. Олар айлығының 70,6 пайызын баспанасына құяды. Кредит көлемі орта есеппен 176 мың теңге. Екінші орында Алматы қаласы. Мұндағы көрсеткіш 60 пайыз. Шаһар тұрғындарының ипотека төлемі орта есеппен айына 230 мың теңгеге жуық. Келесі Шымкент халқы тұр. Олар оңтүстік астанадан алыстай қойған жоқ. Мұндағы азаматтар жалақысының 59 пайызын банкке береді. Оның ізін ала Түркестан мен Жетісу облыстары келеді. Салыстырмалы түрде Ұлытау, Маңғыстау және Атырау облыстарында көрсеткіш біршама төмен.

Ипотека төлеу көрсеткіші

Алматы облысы – 70,6% / ₸176,2 мың

Алматы – 60,6% / ₸229,4 мың

Шымкент – 59,1% / ₸148,1 мың

Түркістан – 58,8% / ₸127,2 мың

Жетісу – 50,3% / ₸114,4 мың 

Енді қыркүйек айындағы үй құнымен бір таныстырып өтейін. Баспана бағасының жоғары өсімі Алматыда тіркелді. Мұнда әр шаршы метр 723 мың теңгеге бағаланды. Астанада үй айтарлықтай арзан, бір шаршы метр 490 мың теңгеге сатылып жатыр. Елдегі үшінші мегаполис Шымкентте баспананың әр шаршысы 417 мың теңге тұрады. Сондай-ақ алғашқы бестікті Атырау мен Өскемен түйіндейді.

БАСПАНА БАҒАСЫ

1 ШАРШЫ МЕТР

Алматы – ₸723 000

Астана – ₸490 000

Шымкент – ₸417 000

Атырау – ₸390 000

Өскемен – ₸382 000 

Бағаның негізігі бағамы осындай. Жаңа ғана сарапшылардың болжамымен таныстырдым. Олар баспана бағасы өседі деп пайымдап отыр. Дегенмен, Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев мұнымен келіспейді. Оның айтуынша, құрылыс материалдарының 70 пайызы өзімізде өндіріледі. Тиісінше сыртқы фактор бағаға әсер етпеуі керек деді ол. 

Негізі осы елдегі ипотека жүйесі жиі сынға қалады ғой. Отбасы банктің шарттарына да көңілі толмайтындар көп. Бір ай бұрын ғана салаға реформа әкелетін жаңа заң қабылданды ғой. Менің пікірімше, бұл сала ұдайы жетілдіріліп отыруға тиіс. Әйтпесе баспана базынасы шешіледі деп айту қиын.